Баянды ауылының әкімі Дастан Мұраталиев «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқау мақсаты - ауылдық елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін үлгілеу, халықтың мемлекеттік жергілікті басқару жүйесіне деген сенімін нығайту.
Байқау облыстық және республикалық кезеңдерден тұрады.
Облыстық кезеңдегі байқауға 5 әкім өз үміткерлігін ұсынды
- «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының ұйымдастырылып жатқанына биыл 4 жыл.Биылғы байқауда 5 ауылдың әкімі бақ сынады. Атап айтсақ, Мұнайлы ауданы Баянды ауылы, Бейнеу ауданы, Тұрыш ауылы, Түпқараған ауданы, С. Шапағатов ауылы, Маңғыстау ауданы, Шебір ауылы, Қарақия ауданы, Сенек ауылының әкімдері. Облыс бойынша жеңімпазды анықтау үшін Департаменттің жанынан арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында мемлекеттік органдардың, мәслихат, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері және өзге де тұлғалар бар. Комиссия мүшелері қатысушыларға жалпы бағалау парағына сәйкес ұпай қойды. Өңірлік комиссияның қорытынды шешіміне сәйкес, Мұнайлы ауданы Баянды ауылының әкімі Мұраталиев Дастан Яқияұлы жеңімпаз атанып, республикалық конкурста өңірдің намысын қорғайтын болады,-деді Агенттіктің аумақтық департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Долдашев.
Байқауға қатысушылар атқарылған жұмыс туралы ақпаратын, ауылдық округті алдағы 3 жылда дамытуға бағытталған жобалық жұмысын және сауалнама тапсырған.
Облыстық кезеңде үздік атанған Баянды ауылының әкімі Дастан Мұраталиев енді республикалық деңгейде де жеңіске жетуге жұмыстануда. Ол 2021 жылы 1 наурызда 8 мыңнан астам тұрғыны бар Баяндыға әкім болып тағайындалған. 2 жылдың ішінде бірқатар іс-шараларды атқарған.
Мәселен, 2 ойын және 2 воркаут, сондай-ақ 1 спорт алаңы халық игілігіне берілді. Баянды Маңғыстау облысы бойынша дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайтын ең алғашқы ауыл атанып, 2 жылда бірқатар шағын маркеттер ашылған. Ауылды абаттандыру мақсатында демеушілердің көмегімен 500-ден астам ағаш отырғызылып, 2 дана су резервуары орнатылған. Ауылдың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ауыл ішіндегі қоқыс жәшіктердің 20 данасы қоршалып, 100 дана қоқыс жәшігі сатып алынған. «Жастар саябағы» маңындағы алаңға аяқжол төселіп, аумағы кеңейген.
- Биыл ауыл аумағына 100% асфальт төселеді. Жалпы ұзындығы 37 шақырымды құрайтын 36 көше бар. Соның 3 шақырымына асфальт төселмеген. Биыл асфальт төсеуге қаржы бөлініп, конкурс жарияланды. Былтыр ауыл клубы жөндеуден өтсе, биыл емханаға жөндеу жүргізіледі. Алда жоспар көп. Ауылды көркейту мақсатында стелла жақты абаттандырып, камералар қойғымыз келеді. Тұрғындарға спорт кешенін салу жоспарда тұр. “Адамдық борышың - халқыңа еңбек қыл” деп Шәкәрім атамыз айтқандай, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартқым келеді. Әрі қарай жұмыстана беремін,-деді Дастан Мұраталиев.
Дастан Мұраталиев отбасылы, 4 ұл тәрбиeлеп отыр. Спортпен ұдайы шұғылданады. Футбол, баскетбол және бильярд ойнайды. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі -12 жыл.