Мұнайлы ауданына қарасты Баянды ауылында келіндер сайысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқауда отбасының көркін келтіріп, жан-жақтылығымен танылып жүрген ақылына көркі сай, он саусағынан өнер тамған келіндер қатысып, өзара сынға түсті.
Байқау шарты бойынша әр үйдің өнегелі келіндері алдымен, өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырды. Өнер сайысында өздерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдарын ұсынды.
Үй шаруасын ұршықша иіріп қана қоймай, ұрпақ өсіріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған келіндер өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Келесі кезеңдерде қазақы дастарқанын жайнатып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға асқан шеберлікпен мүдірмей жауап берді.
Байқауды Баянды ауылының аула клубы ұйымдастырды. Жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің ризашылығына бөленді.
- Қазақ келіні қай кезден де отбасының берекесін келтіріп, татулығын бекемдей білген. Байқаудың мақсаты да қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, сәні мен салтанаты жарасқан қазақ келіндерін насихаттау. Сондықтан бүгінгі жеңімпаздарды құттықтаймын! Барлығы да жақсы дайындалған. Жеңімпаздарды анықтау оңай болмады,-деді ауыл әкімі Дастан Мұраталиев.
Бәсеке соңында Баянды ауылының әкімдігі мен мәдениет үйінің атынан алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталды. Атап айтар болсақ, үздік деп танылған Райхан Аханова бас жүлдені иемденді.
I орын тәлім-тәрбиесі мол аңыз-әңгімелерді көп біліп, салт-дәстүрді жетік меңгеруімен ерекше көзге түскен Жиделіарық ауылының келіні Айнұр Тампиева, II орын қазақы нақыштағы ұлттық киімімен көзге түскен Нұрсұлу Жақсылықова бұйырды. Ал III орынды Алмагүл Набиева мен Жанар Русланқызы қанжығасына байлады.