Табиғат қорғау құрылымдары қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері Бейнеу аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында бас қосып, еліміздегі киіктің саны ең аз популяциясының өсімін молайту жолдарын бірлесіп талқылады.
Дөңгелек үстел отырысы "Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің жүзеге асыруымен Еуропалық Одақ қаржыландыратын "Батыс Қазақстан-қоғамдық қатысу мектебі" жобасының шеңберінде «Тұрыш ауылы тұрғындарын экологиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау процессіне тарту арқылы экологиялық мәдениет қалыптастыру» жобасының алғашқы іс-шарасы ретінде ұйымдастырылды.
Айта кету керек, аталмыш жоба "Табиғи орта" Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, "EcoJer" қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақовтың жетекшілігімен жүзеге асырылуда.
Отырыс барысында Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі, Бейнеу және Сам орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мемкемесі, Бейнеу аудандық және Тұрыш ауылдық әкімдіктерінің өкілдері жобаны іске асыру бойынша жұмыс жоспарын жан-жақты талқылап, мақұлдады.