Бейнеу ауылындағы Ж.Қалдығараев атындағы орта мектептің түлектері ашық футбол алаңын сыйға тартты. Бұл жөнінде Бейнеу аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ынтымақ Божанов мәлім етті.
Оның айтуынша, футбол алаңының құрылысы шілде айында басталды. Құрылыс жұмыстарына шамамен 7 миллион теңге жұмсалған. Алаңның аумағы 903 шаршы метрді құрайды.
«Ауданымыздың жастары бұл үрдісті 2019 жылы «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында бастаған болатын. Алдымен, Абай орта мектебінің түлектері, жазда Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің түлектері жалғастырып, футбол алаңы мен балалар ойын алаңын тұрғындарға сыйға тартты. Осы үрдісті Ж.Қалдығараев орта мектебінің түлектері де жалғастырып жатыр», - деді Ынтымақ Божанов.