Мұсылманның басты мейрамы – Құрбан айт жақындап қалды. Айт қарсаңында жыл сайын Меккеге аттанатын мұсылмандар Құрбан айт кезінде сол қасиетті жерде қажылық парызын өтеп қайтады. Олардың көпшілігі өз парызын өтесе, кейбірі ата-анасы немесе аманат етілген басқа кісілердің атынан бәдәл қажылыққа барып жататыны бар.
Маңғыстау облыстық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифинг тақырыбы - «Ержан хазірет Төлегенұлының атына бәдәл қажылық жасау». Басқосуды ашып, жүргізіп отырған Марат Себасов өңірімізде өткен соңғы діндарлардың бірінің атынан бәдәл қажылық жасауды «Ержан хазірет Төлегенұлының еңбегін есте қалдыру» қоғамдық қоры ұсынып отырғанын айтты. Қор төрағасы Бейсенбек Нұржігітұлы Ержан хазіреттің өмірбаянына қысқаша тоқталды.
Ержан хазірет Төлегенұлы 1887 жылы Бозащы түбегінің Керел елдімекенінде дүниеге келген. Алғаш білімді жергілікті мектептен алған ол кейін Бұқара қаласындағы «Көкілташ» медресесіне түсіп, оны 1926 жылы ұстаздық мамандығы бойынша бітіріп келеді де, туған өлкесінде ағартушылықпен айналысады. Сол замандағы кеңестік саясат себебінен қуғынға ұшыраған ишан-молдалардың қатарына Ержан хазірет те ілігіп, бірнеше мәрте қамалады.
- Қуғын-сүргінде жүріп, қажылық парызын өтей алмаған Ержан хазіреттің атынан бәдәл қажылық жасатуды ойлап жүр едік, - деді Б.Нұржігітұлы. - Биыл «Ержан хазірет Төлегенұлының еңбегін есте қалдыру» қоғамының шешімімен хазіреттің орындалмай кеткен арманын жүзеге асырудың сәті түсіп тұрған сияқты. Бәдәл қажылық парызын орындауды өкіл имам Смайл Сейтбековке өтініш қылып едік, ол кісі қабыл алды. Алла разы болсын.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстаудағы өкіл имамы, облыстың орталық мешітінің бас имамы Смайл Сейтбеков мұсылманға парыз болған ғибадаттардың түрлері жайында мағлұмат берді.
- Мұсылманның атқаруы тиіс құлшылықтардың денемен, яғни, адамның өзі ғана атқара алатыны және дүниесімен атқарылатыны да бар, - деді ол. - Ислам дінінің бес парызы бар екені белгілі. Оның біріншісі - Алланың бар және жалғыз екеніне сену, екіншісі - намаз оқу, үшіншісі - ораза ұстау, төртіншісі - зекет беру, бесіншісі - жағдайы келсе, 1 рет қажылық парызын орындау. Адамның тек өзі ғана атқаратын ғибадаттарын ешкім атқара алмайды. Мысалы, дәрет алу, ғұсыл құйыну, намаз оқу, ораза ұстау парыздарын өзінен басқа ешкім атқара алмайды. Ал садақа, зекет құлшылықтары қаржымен атқарылатындықтан оны біреуге өтініш етіп, таратып бере алады. Жылына бір рет Құрбан айт мерекесінде атқарылатын қажылық адамның тәнімен де дүниесімен де атқарылады. Басқа уақытта атқарылатын болса, умра кіші қажылық делінеді. Дегенмен бұл парызды шамасы келмеген адам атқармайды. Тәнімен және дүниемен атқарылатын осы құшылықты адам науқастанып, хал үстінде жататын болса, өкіл жіберіп, қажылық парызын атқара алады. Бәдәл қажылық дейді мұны. Бәдәл қажылық атқаратын мұсылман бұған дейін өзінің қажылық парызын өтеген болуы керек. Сондай-ақ бәдәл қажылыққа ниет етіп шыққан адамға сауап та жазылады. Қылышынан қан тамып тұрған кеңес заманында қажылыққа бармақ түгілі, дін ұстанудың өзі қиын болған. Сол заманда дүниеден өткен Ержан хазірет бабамыздың атынан қажылық өтеу маған жүктеліп отыр екен. Осынау қастерлі аманатты орындауға 14-тамыз күні жолға шығамын. Атамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Биыл елімізден 3 мыңнан астам адам қажылық парызын өтеуге аттанбақ. Маңғыстаудан 149 адам жолға дайын. Биылғы қажылық сапарының бір ерекшелігі қасиетті жерге ұшақпен тікелей бару мүмкін болып отырғандығында. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан Джидда мен Мединаға тікелей рейстер ашылады. Енді біздің қажыларымыз Ақтау әуежайында-ақ ихрам киіп, Джиддаға ұшып барады.
Тақырыпқа орай сауалдарына жауап алған журналистер Ержан хазірет Төлегенұлының атына бәдәл қажылық жасауға аттанып бара жатқан имам Смайл Сейтбеков пен қажылық парызын орындаушы барша мұсылмандарға сәтті сапар, қажылықтың қабыл болуын тіледі.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ