Маңғыстау облысында көш бастап, жетістікке жетіп жүрген студенттер жетерлік. Осы орайда «Ақтау студенттер Альянсы» корпоративтік қоры «Student Life» жобасы аясында өңірдегі белсенді, көшбасшы студенттердің базасын жасақтады. Ендеше сіздерге Маңғыстаудағы TOP-10 студенттің есімін ұсынамыз.
Сахнада өзімді еркін сезінемін
Кез келген жетістікке жету үшін «Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек керек». Бұл сөзді Қарақия кәсіптік колледжінің 3-курс студенті Айзада Қалбек өзіндік ұстаным еткен. Соның нәтижесінді бүгінгі жетістігіне қол жеткізіп, табысқа кеңеліп жүр.
Айзада Қалбек Нұрбергенқызы Қарақия ауданында «Киім үлгілеу, тігінші» мамандығы бойынша білім алады. Оның айтуынша, студенттік өмірі қызықты әрі белсенді өтіп жатыр. Айзаданың мақтанышпен айтатын жетістігі көп. Соның ішінде Тараз қаласында өткен халықаралық «Aspara Fashion Week»-те өнер көрсетуі естен кетпейтін естелік.
«Бірінші курста дизайнерлік киімдерімді Тараз қаласында өткен әлемдік «Aspara Fashion Week» көпке көрсеттім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі жетістік болды. Себебі тігінге деген қызығушылығым, мамандығыма деген сүйіспеншілігін одан әрі артты. Содан кейін коллекцияны толықтырып, әрі өзім модель болып Студенттік фестивальде өнер көрсеттім. Мұндай мүмкіндіктер мен шаралар мені шыңдай түседі. Жалпы маған сахна ұнайды, өзімді еркін сезінемін. Алдағы уақытта сахна өнері бойынша университетте жоғары білім алуды жоспарлап отырмын», - дейді Айзада Қалбек.
IT саласында жетістікке жету - басты мақсатым
Ал IT саласында жетістікке жетуді басты мақсат еткен студенттің бірі – Болат Ықылас Дулатұлы. Қазіргі таңда ол Қарақия кәсіптік колледжінде IT саласы бойынша 2-курс оқиды. Болат Ықылас бос уақытында спортпен шұғылданғанды ұнатады. Оның айтуынша, спорт - өмірге деген белсенділікті арттырып, мақсатқа жетуге күш сыйлайды.
«Бос уақытымда теннис, баскетбол ойнаймын, кітап оқығанды ұнатамын. Ал бокстан түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Студенттік кезең - өмірімнің ең тәтті кезеңі. Себебі дәл осы кезең менің қабілетімді одан әрі шыңдап, шыңдала түсуіме көмектесуде», - дейді студент Болат Ықылас.
Болат осы уақытқа дейін спорттық жарыста бірнеше рет көш бастаған. Айтуынша,бокстан облыстық чемпионатта 7 мәрте, республикалық жарыста 4 мәрте, халықаралық жарыста 2 рет, Батыс-аймақ чемпионатында 1 рет жеңімпаз атанған. Сонымен қатар спорт шеберлігіне үміткер.
Болат Ықылас мамандығы IT-саласындағы мүмкіндіктерге сенеді.
«ІT мамандығын тандаған себебім - жоғары төлемақы, мамандықтар арасындағы ең көп сұранысқа ие болады. Кейде жоғары білім болмай-ақ жұмысқа тұру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ уақытты ұтымды пайдаланып, қашықтан жұмыс істеуге де ыңғайлы. Бір сөзбен айтқанда, болашағымыз IT саласының дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан білім алып, таңдаған мамандығым бойынша жетістікке жету - басты мақсатым», - дейді Қарақия колледжінің студенті Болат Ықылас.
Ата жолын жалғастырғым келеді
Саламат Бауыржан - Қарақия кәсіптік колледжінің 3-курс студенті. Қазіргі таңда дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алады. Дәнекерлеуші мамандығын таңдауға атасы себепкер болған. Оның айтуынша, ата кәсібін көріп өскен соң осы жолды жалғастырғанды жөн көрген.
«Менің ойымша, қазір дәнекерлеуші сұранысқа ие мамандық. Әсіресе, құрылыс қарқыны жақсы дамыған қалада өз мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Жалпы дәнекерлеушінің жұмысымен жастайымнан таныстым. Сондықтан алған білімімді іс жүзінде көрсету оңайға соғады деп ойлаймын. Осылайша, ата жолын қуып, кәсіпте жетістік пен мол табысқа жеткім келеді», - дейді Саламат Бауыржан.
Жас белсенді темірді қыздырудан бөлек спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған.
«Дзюдо, қазақша күрестен спорттық жарыстарда бақ сынадым. Облыстық, республикалық байқауларының жүлдегері атандым. Бұдан бөлек мобилограф ретінде өзімді дамытудамын», - дейді ол.
Оның айтуынша, мобилография саласына келгеніне 1 жыл болған. Бұл салаға қызығушылығы суретке түсіріп, пресет жасаудан басталған. Кейін табиғаттан шабыт алып, ондағы сұлулықты видеоға түсіруді қолға алған. Қазір табиғат, ауыл өмірі мен машиналарды жиі видеоға түсіріп жүр.
Елге адал қызмет ету – басты міндетім
Ақерке Шлейова – Нұрлыхан Бекболсынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенті. Ол Банк ісі мамандығы бойынша 2-курста білім алады. Ақерке студенттік кезеңі басталғаннан бері белсенді болып, қоғамдық шараларға жиі қатысады. Топ старостасы, «Қайырымды ұрпақ» волонтерлік клубтың еріктісі, «Ұшқыр ой» дебат клубының мүшесі ретінде шараларда топ бастап жүр.
«Колледж қабырғасында немесе облыстық деңгейде ұйымдастырылатын шаралардан қалмай бәріне атсалысуға, ұйымдастыруға қызығамын. Осы уақытқа дейін облыстық дебат, әлеуметтік жобаны қорғауға қатыстым. Мұндай шаралар мені қоғаммен байланыс жасауға, өз ойымды ашық жеткізуге және идея алмасуға мүмкіндік береді», - дейді Ақерке Шлейова.
Оған қоса Ақерке волонтерлікпен айналысуды әдетке айналдырған. Оның айтуынша, волонтер болу – ең алдымен қоғамды сәл де болсын өзгертуге қадам.
«Волонтерлік қызмет қоғамда әр адам тең екенін, ешкім ешкімнен кем болмау керегін үйретті. Жақсылық жасаудан жалықпауды үйрендім. Қоғамның ертеңгі өмірі,болашағы-жастардың, яғни біздің қолымызда. Сондықтан мейірім мен махаббатты меңгеріп, елге адал қызмет ету - басты міндетіміз», - дейді белсенді студент Ақерке.
Би өнерінен шабыт аламын
Би өнері арқылы шабыт алатын белсенді студенттің бірі - Аида Тиликбаева. Ол Нұрлыхан Бекболсынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Химиялық технология және өндіріс» мамандығы бойынша 2-курста оқиды. Айтуынша, өмірін спорт және бимен байланыстырады. Жастайынан 5 жыл спортты серік етсе, 15 жасынан бастап хореографиямен айналысқан.
«Билегенде өзімді еркін сезінемін және одан шабыт аламын. Би саласында жүріп көп нәрсе үйрендім. Көпшілік орында өз-өзіңді ұстау, бағалауды меңгердім. Би тек іс-қимыл емес, оның адам жанымен үндестігі бар. Әрбір би өзіндік энергия сыйлайды. Ал өзім қазақша би билегеннен ләззат аламын», - дейді Аида Тиликбаева.
Хоббиі арқылы түрлі деңгейдегі жарыста бақ сынап, үздіктер қатарына енген. Нақтыласақ, колледж аралық байқауға, республикалық байқауға қатысып, жүлделі 1-орынды қанжығаға байлаған. Көкшетеу қаласына барып, әртістік құрамда да өнер көрсеткен. Аида тек би бағытында ғана жетістікке жетіп қана қоймай, өзі қалаған мамандықтың да майталманы болғанын қалайды.
«Алға қойған мақсатым көп. Сондықтан өзімді тек бір бағытқа ғана арнағым келмейді. Зертханашы ретінде маман болып қалыптасу - негізгі мақсатым. Одан бөлек жеке кәсіп бастауды да жоспарлап жүрмін. Менің ойымша, адам баласы өзін түрлі салада сынаудан қорықпауы керек. Керісінше, тәжірибе алмасуға, шеберлігін шыңдауға, жаңаны үйренуге бейім болғаны дұрыс. Сонда ғана қол жеткізер жетістігі көп, болашағы жарқын болады деп ойлаймын», - дейді студент Аида.
Лицензиясы бар гид-экскурсовод атандым
Маңғыстауда көш бастап жүрген студенттің бірі – Гүлхат Баржикова. Ол қазір Маңғыстау туризм колледжінде «Туризм менеджер» мамандығы бойынша 4-курста оқиды.
Гүлхат 1-курстан бастап гид-экскурсовод саласы бойынша World Skills халықаралық чемпионатына қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар Астанада өткен халықаралық байқауда «Үздік гид-экскурсовод» атанған. Яғни, 50 адамдық автобуста екі тілде гид-экскурсовод қызметін жоғары деңгейде орындаған. Бұл – Гүлхаттың алғашқы оқу жылындағы ерекше атап өтетін жетістіктерінің бірі.
Бұдан бөлек Гүлхат Баржикова дебат турнирлеріне жиі қатысады. Айтуынша, дебат ойындары адам ойын еркін жеткізуге, қоғамда өзіңді еркін сезінуге және тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.
Гүлхат 2-курстан бастап-ақ мамандығы бойынша жұмыс істеуді бастап кеткен. Алдымен 5 ай «Маңғыстау сафари» компаниясында жұмыс істеп, 50 рет Бозжыра бағытына және басқа да Маңғыстаудың көрікті орындарына экскурсия жүргізген. Қазіргі таңда «Визит Ақтау» компаниясында сату бөлімінің менеджері қызметін атқарып жүр.
«Мектеп кезінде өте белсенді болдым. География, өлкетану ба,ыты бойынша ғылыми жоба, түрлі конференцияға қатысып, көш бастап жүрдім. География десе ішкен асымды жерге қоямын, соның нәтижесінде облыстық деңгейде өз атымды қалыптастырдым. Сонымен қатар қазір мен колледжде студенттік парламенттің президентімін. Жалпы студенттік кезең Гүлхатты коммуникация құруға, шешім қабылдауға үйреткен. Алға қойған мақсатым – колледжді қызыл дипломға аяқтап, оқуды жалғастырып, жетістікке жету. Сондай-ақ педагог мамандығын меңгеріп, анамның жолын жалғастыру», - дейді Гүлхат Баржикова.
Гүлхаттың айтуынша, кез келген адам гид бола алмайды. Гид болу үшін батылдық, білім, ережеге бағыну, нақтылық, үнемі көңіл-күйінің көтеріңкі жүруі сынды маңызды қасиеттер керек. Себебі туристердің көңіл күйі гид-нұсқаушысына байланысты. Бүгінде бұл қасиеттерді бойына сіңірген Гүлхат «Қазақстан туризм ассоциациясы» ұйымдастырған екі апталық курсты аяқтап, лицензиясы бар гид-экскурсовод атанып отыр.
Сонымен қатар ол өңірдегі туризмнің дамығанын қалайды, тіпті, бірнеше жобаны ойластырып қойғанын жасырмады.
Туған жерімді шетелдіктерге таныстырған ұнайды
Белсенділігі әрі білімі арқылы еңбек етіп, шетелдік туристерге өлкеміздің көрікті жерлерін көрсетіп жүрген студенттің бірі – Жайна Бекқызы. Қазір ол Ақтау қаласындағы шет тілдер коледжінің 3-курс студенті. Ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр.
«Студенттік өмірім басталғалы бір орында отырған емеспін. Колледжде ұйымдастырылатын шаралардан қалмаймын, оқу үздігімін. Сонымен қатар дебаттан турнирлерге қатысамын, бұған қызығушылығымды оятқан тарих пәнінің мұғалімі Жәнерке апайға алғыс айтамын. Себебі бұл жаңа белестердің бастамасы болды. Дебат турниріне қатысып, облыстағы 20 колледж арасынан «Ең білімді ойыншы» номинациясын жеңіп алдым», - дейді Жайна Бекқызы.
Сондай-ақ қалалық деңгейде өткен турнирде 3-орын алған, сонымен қатар төрешілер көзайымына айналып, Есенов университетінің «Кемел дебат» клубында ерікті болған. Көп ұзамай «Мыңқыстау» пікірталас орталығының ағылшын координаторы болып сайланып, жұмысын жетілдіруде. Оған қоса Қайрат Хасановтың курсынан өтіп, өзін тұлға ретінде дамытуда.
«Ел аралап, жер көру өте қызықты, маған ұнайды. Сондықтан да маңғаз Маңғыстаудың тау-тасына деген махаббатым ерекше. Осы ретте «Маңғыстау Сафари» туркомпаниясында тағылымдамадан өтіп, гид-ұйымдастырушы болып жұмыс істеп жатырмын. Турды үш тілде жүргізіп, көптеген қызықты адамдармен жолығамын. Адамдармен сөйлескен және туған жерімнің тарихымен бөліскен қатты ұнайды», - дейді Жайна.
Студенттік өмірдегі белсенділік – жетістік кепілі
Yessenov University-нің 4-курс студенті Әлібек Ерғазы белсенді студенттік өмірді маңызды деп есептейді. Себебі студенттік шақта сабақ оқумен қатар студенттік ұйымдарда белсенділік танытқан дұрыс. Оның айтуынша, бұл екеуі – адамның қос қанаты сияқты. Тек біреуімен ғана жүрсең, алысқа бармайсын.
«Студенттік белсенділік сені әртүрлі бағытта дамытады. Ал менің студенттік өмірім Жайдарман ойындарымен байланысты. Сегіз жыл бойы осы жайдарманда өнер көрсеттім. Соның нәтижесінде жаңа орта, елдің түкпір-түкпірінен жаңа достар таптым. Қаншама қала, облысқа барып тәжірибе жинадым», - дейді студент Әлібек Ерғазы.
Әлібек Yessenov University-де студенттік парламенттік президенті ретінде үш жылдық тәжірибесі бар. Мақсаты бір, бағыты айқын студенттердің басын біріктіруде аянбай еңбек етеді. Өзі оқуға Қызылорда қаласынан келсе де, Ақтауда өз орнын тапқан көшбасшы жас. Бұған студенттік белсенді өмірі септігін тигізген.
«Қазір студенттік парламенттің президентімін, бұл осы уақытқа дейін жасаған еңбегім мен ізденісімнің, белсенділігімнің нәтижесі. Студент болсам да қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуым мені жақсы жандармен таныстырды. Мүмкіндіктерге жол ашты, адамдармен жұмыс істеуді, олармен байланыс орнатуды, идея алмасуды үйретті. Менің ойымша, қоғамдық жұмыста ең маңыздысы – сыйластық. «Ортаға біліммен емес, мінезіңмен сиясың» дейді ғой. Сол сияқты мінезді түзетуге, жаңа қырымызды ашуға мүмкіндік берді», - дейді студент Әлібек Ерғазы.
Айта кетейік, Әлібек Ерғазы Түркия мемлекеті Мармара университетінің грант иегері, YU liga жайдарман ойындарының чемпионы, Ақтау қалалық жайдарманының вице-чемпионы. Түркия мемлекетінің бас консулдығының, «АMANAT» және «Ақжол» партиясының Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ жас болса да Маңғыстау облысы жастарды дамыту комиссиясының мүшесі, «Риск» веб-сериалының авторы, сценарийсті және бас актеры ретінде танылған.
Мақсатым – Олимпиада чемпионы атану
Студенттік өмірге енді қадам басса да жетістікке жетіп, университет абыройын асқақтатып жүрген студент – Бақытжан Джалғасбай. Ол Yessenov University-де «Бизнес және құқық» факультетінде «Әкімшілік және жер басқару» мамандығы бойынша 1-курс оқып жатыр. Бақытжан Джалғасбай Жаңаөзен қаласында дүниеге келген, №10 орта мектепті жақсы бағада бітірген. Айтуынша, студенттік кезеңі ұнап жатыр.
Бақытжан көп уақытын спортқа арнайды. Тіпті, спортта өз атын қалыптастырып, нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Жақында ғана Ташкент қаласында өткен каратэден әлем чемпионатында алтын жүлдені қанжығаға байлады.
«Менің мақсатым – алдағы уақытта олимпиада, Азия ойындарының чемпионы атану. Осы мақсатта еңбек етіп жатырмын. Мұның алдында Алматыда Қазақстан чемпионаты болды, ол жарыстан да жүлделі бірінші орынға қол жеткізген едім. Халықаралық турнирлердің үш дүркін чемпионы атандым», - дейді Бақытжан Джалғасбай.
Сондай-ақ ол жаттықтырушылары Мирас Шамов, Азамат Губашев, Лаура Айтжанова, Марат Раймовқа алғысын жеткізді.
Мобилографияда өз орнымды тапқым келеді
Ақжол Абзалұлы – Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» мамандығында 1-курс оқиды. Студенттік кезеңі енді басталса да колледж ішінде мобилограф ретінде танылған.
«Мобилография қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтың бірі. Мұны кез келген жас білуі керек деп ойлаймын. Мені осы салаға деген қызығушылығымды оятқан – Қыран Талапбектің инстаграмдағы рилстары. Ол мобилография арқылы жеткен жетістіктері мен өзінің туындыларын көрсеткен сәтте менде шабыт оянады. Сондықтан да осы бағыт бойынша ізденіс үстінде жүрмін», - дейді Ақжол Абзалұлы.
Қазіргі таңда Ақжол мобилографияның жетінші курсын оқып жатыр. Әзірге бұл салада жеткен жетістігі жоқ болса да, алға деген талпынысы мен мақсаты бар. Бұл алға жетелеуші бірден-бір күш десек те болады.
Талантты біліммен толтыру маңызды
«Талантты танып, оны әрі қарай біліммен дамыту керек», - дейді студент Мерей Сайлауов. Ол қазіргі таңда Бейнеу аудандық политехникалық колледжінде «Веб дизайн» мамандығы бойынша 2-курста білім алады. Бала кезінен бастап сурет өнеріне қызыққан.
Айтуынша, студенттік кезең – үлкен өмірге алғашқы қадам. Бұл шақта өзің үшін жауапкершілік аласын, қоғамда өз орнынды табуға талпынасын, тұлға болып қалыптасуға дең қоясың.
«Сурет өнері – ерекше. Ішкі жан дүниеңдегі арпалысты, санадағы сезім мен қалауыңды майлы бояу арқылы көпке жеткізесің. Алдағығ уақытта осы өнерді өлтіріп алғым келмейді. Талантымды біліммен толтырып, жетістікке жету – арманым. Осы орайда бейнелеу өнерінедеген махаббатымды еселеген ұстаздарыма алғыс айтамын», - дейді студент Мерей Сайлауов.