Ақтауда 12 шағынаудан №42 үйдің тұрғындары ауласында 200-ге жуық ағаш және елуге жуық гүл отырғызған. Ауланы күтіп ұстау жұмыстарына барлық тұрғындар белсенді атсалысады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындар ауласын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын 2020 жылдан бері жүргізіп келеді. Олар аулаға ағаштар мен гүлдерден бөлек, жеміс ағаштарын да еккен. Биыл тұрғындар онға жуық жеміс ағашын отырғызған. Бүгінде аулада жүзім, шабдалы, қарақат, өрік, алмұрт, шие және тұт ағашы өседі. Сондай-ақ, олар әр подъезд алдына орындықтар қойған. Осы ауланың тұрғыны Фарид Кинаятовтың айтуынша, жасалып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындардың ауызбіршілігі арқасында жүзеге асып отыр.
- Қазіргі таңда ауламызда 200-ге жуық ағаш пен елуге жуық гүл өседі. Жасыл желектерді суаруға, күтіп баптауға және ауланы таза ұстауға барлық тұрғындар атсалысады. Жасыл желектерді техникалық сумен тамшылатып суару әдісі арқылы суарамыз. Басында қызығып қараған балаларымыз қазір тазалық жұмыстарында бізге қолғабыс етеді. Бұл жас ұрпаққа жақсы үлгі және тәрбие деп есептеймін. Осы арқылы балалар қоршаған ортаға құрметпен қарауды үйренеді, - деді ол.
Тұрғындар тек ауланы ғана емес, үйдің кіреберісі мен подъездін де таза ұстайды. Тұрғындардың бірі Юрий Никоненко өз подъездіне автоматты түрде жауап беретін виртуалды қондырғы орнатқан.
- Бұл қосымша әзірге тек 5 тұрғынның ұялы телефонына енгізілді. Виртуалды қондырғы арқылы бір тапсырма берсеңіз, ол бірден соны орындайды. Мысалы ұялы телефоныңыздағы қосымшаға «Алиса, есікті аш» десеңіз, сол кезде бірден подъезд есігі ашылады. Біз бұл техниканы тамшылатып суару әдісіне де қостық. Яғни қосымшаға тапсырма беру арқылы жасыл желектерді суаруға болады. Одан бөлек, біз подъезд алдына камералар мен диодты шамдар орналастырдық. Диодты шамдар кешкі уақытта өте әдемі көрінеді, - деді Юрий Никоненко.
Белсенді тұрғындар тағы да бір лайфхак ойлап тапқан. Олар өз күшімен барлық тұрғындардың ауа баптағыш қондырғыларынан аққан суды құбыр арқылы жасыл желектерді суаруға пайдаланып отыр.
Сондай-ақ, тұрғындар №42 үйдің артында воркаут алаңын салу бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасына өз өтінімін жолдаған. Бұл жерге тұрғындар шағын алаң жасағысы келеді.