Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментімен «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары Б.Мамбетсапаев өз лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланып, ауыр салдарға алып келгені бойынша күдікпен ұсталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мамбетсапаев өз лауазымдық мәртебесін пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар таныстарын «Өзен Мұнай Газ» АҚ-на заңсыз кіргізген және олардың жұмыс жасамағанына қарамастан еңбек жалақысы аударылған.
Дегенмен, компанияға жұмысқа кіру үшін Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан астам тұрғындары кезекке тіркелген.
Таныстарының жұмыссыздар қатарында болмағандарын, тиісті мамандыққа біліктіліктері сәйкес келмейтіндігін және жұмысқа мүлдем келмегендерін Мамбетсапаевтың анық білгендігі тергеумен анықталды.
Мамбетсапаевтың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан мемлекетке 46 млн.теңгеден астам залал келтіріліп, Жаңаөзен қаласы тұрғындарының компанияға орналасуына көзделген құқықтарын өрескел бұзылуына әкеп соққан.
Тергеумен Мамбетсапаевтың басқа да заңсыз әрекеттері, компанияның лауазымды тұлғалардың және мердігер мекемелердің бюджеттік қаражаттарды жымқыру фактілері тексерілуде.
Тергеу жұмыстары жалғасуда.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесінде жариялануға жатпайды.