Бұл туралы өңірлік жастар істері жөніндегі кеңес отрысында айтылды. 2024 жылы бұл жобаға 500млн теңге бөлу қарастырылып, 43 отбасыны үйлі қылу жоспарланған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынға облыс әкімі Н. Ноғаев, облыс әкімінің орынбасары Ұ. Тналиев, облыс әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің мүшелері, ҮЕҰ жетекшілері, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты. Іс-шара аясында облыс жастарына арналған әлеуметтік жобалардың көрмесі таныстырылып, "Маңғыстау – мүмкіндіктер мекені" жастар саясатының дамыту стратегиясы туралы айтылды.
- «Маңғыстау жастары» тұрғын-үй бағдарламасына 2024 жылға қаражат бөлуді тапсырамын. Бұл өңір жастары үшін өте қажеттті бағдарлама. Сонымен қатар жастар шығармашылығы мен бастамаларын қолдау мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грант бөлу бойынша қажетті деңгейде қаражат бөлінсін,- деді Н. Ноғаев.
Кездесу барысында "Жас көшбасшылар мектебі", "Жастар театрының жұмысын ұйымдастыру", "Жастардың интеллектуалды дамуын ілгерілету", "Student life", "Жиналайық", "Жастар керуені" ағартушылық жобасы мен "Жастар тағылымдамасы 2.0", "Jas star" жол жүру гранттарын беру жобасы және "Mangystau content club" секілді жобалар таныстырылып, осы кезге дейін атқарған жұмыстарымен бөлісті.
- Аймақта жастар игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Елімізде биыл да жастар ісін жаңғырту қолға алынды. Жастар саясаты туралы жаңа заң қабылданып, оған сәйкес жастар санаты 14-35 жас аралығын қамтыды. Өткен жылы елімізде жастар саны – 152 842 болса, биыл – 231 137 дейін артты. Осыған сәйкес олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтары да түлеп, өзгеруде. Сонықтан түрлі бағытта әр санаттағы жастармен бірге жұмыстар атқарып, олардың қызығушылығына сай жобаларды жүзеге асыруымыз қажет,- деді Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.
Іс-шарада М. Оралбай жастар саясатын дамыту стратегиясының 8 бағытымен таныстырды:
1. Жастарға қатысты әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың алдын алу;
2. Жастарды еңбекке және кәсіпкерлікке баулу;
3. Жастарға тең мүмкіндіктер жасау;
4. Жастардың бәсекеге қабілеттігін арттыру;
5. Жастар саясатының заманауи тиімді экожүйесін қалыптастыру;
6. Маңғыстаудағы жас цифрлық көшпенділерді қолдау;
7. Жастар мәдениетін дамыту;
8. Креативті индустрияны дамытуда жастардың үлесін арттыру.
Таныстырылған әр бағыт бойынша спикерлер сөз сөйлеп, жасалған жұмыстар бойынша есеп берді. Облыстағы қала мен ауылдардағы жастар тең мүмкіндікке ие болу қажет екендігі айтылып, спикерлер осы бағыттағы ұсыныстарын білдірді.
Маңғыстауда 2023 жылдың II тоқсанындағы есеп бойыша NEET санатындағы жастар үлесі - 10,9% құраған, яғни 9836 жас жүйеге енгізілді. Ал 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі қорытынды бойынша облыстық мансап орталығына 20 669 жас тіркеліп, 10 458-і жұмыспен қамтудың белсенді шарасына тартылған. Сонымен қатар 6524 жас жұмысқа орналастырылды.
- Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстарға қатысты қала және аудан әкімдеріне жастар ресурстық орталықтарының бюджетін, яғни іс-шараларға бөлінетін, «Жасыл ел» жобасына берілетін қаражатты ұлғайтуды тапсырамын. Сонымен қатар 2023-2029 жылдарға арналған ҚР мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру тұжырымдамасы бойынша жергілікті атқарушы органдар жүйелі жұмыстар жүргізіп, ақпаратты сапалы және белгіленген мерзімде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына жолдауы керек. Бұл – маңызды мәселе. Жастар мәселесі және олардың қоғамдағы орны қашан да біздің тұрақты назарымызда. Жастарға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жолдарын бірлесе іздестіруге қолдау көрсетуге дайынбыз,- деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.