Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері корабльдерінің, авиациялық база экипаждарының және ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаменті Маңғыстау облысы бойынша Жағалау күзеті бөлімшелерінің қатысуымен командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шұғыл режимді сақтау шараларын орындау үшін ӘТК әскерлері мен күші жауынгерлік қимыл өтетін аудандарға орналастырылды. Маңғыстау облысы ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Жағалау күзеті бөлімшелерімен бірлесіп ӘТК әскери қызметшілері теңіз экономикалық қызметі объектілерінің қауіпсіздігін және Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңіз көлігімен әскери-техникалық көмекті жеткізуді қамтамасыз етті.
Оқу-жаттығу барысында теңіз жаяу әскерлерінің десанттық-шабуылдау батальоны мен террористер басып алған азаматтық кеме және мұнай бұрғылау мұнарасын босату жөніндегі суасты диверсиялық күштері мен құралдарына қарсы күрес ротасы жеке құрамының іс-қимылы да пысықталды. Әскери-теңіз күштерінің тактикалық әуе десанты заңсыз әскери құрамалар базасын жою үшін қарсыластының тылына түсірілді.
Теңізшілер «судағы қалқымалы минаны ату», «әуе нысанасын ату», «теңіз нысанасын ату» жаттығуларын пысықтады. Одан өзге теңіз экипаждары апатқа ұшырағандарға көмек көрсетті. Кеме Ақтау портына жеткізіліп, экипажға және жолаушыларға қажетті көмек көрсетілді.