Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2021 жылдың қыркүйек айындағы өңірге сапары барысында өткізген жиында үкімет пен облыс әкімдігіне радиоактивті қалдықтар қоймасын 3 жыл ішінде толықтай рекультивациялау жұмыстарын аяқтауды тапсырған болатын. Бұдан бері бір жыл өтті.
Қазіргі таңда «Қошқар ата» қалдық қоймасында 200 гектар жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, топырақ төгу және қара сексеуіл егу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.
-2021 жылы 266,2 гектар жерге рекультивациялау жұмысы жүргізілген болатын. Осы жылдың соңына дейін 335,9 гектар жерге қайта қалпына келтіру жұмыстарын іске асыру жоспарланған. Ал 2023-2024 жылдары 1008,1 гектар жерге рекультивациялау жұмыстары жүргізілетін болады, дейді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев.
Қазір «Қошқар ата» қалдық қоймасында қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. 88,2 гектар жерге қара сесеуіл отырғызылған.
Айта кетейік, қара сексеуіл - Маңғыстаудың қатал климатына төтеп бере алатын, тез тамыр жайып өсетін, құмды ұстап тұратын қасиеті бар жергілікті флорада кездестін ағаш. Ол әдетте құмды дауылдардан қорғау үшін отырғызылады. Маңғыстауда сексеуіл 2016 жылы отырғызыла бастады. Қазіргі таңда Маңғыстау ауданының үш ауылы - Үштаған, Тұщықұдық, Шебір маңында 451,8 гектар алқапта сексеуілден жасыл оазис қалыптасқан. Ал 2022 жылдың соңына дейін мұндай ағаштарды Сенек ауылының айналасына отырғызу жоспарланған.
Сонымен қатар, «Қошқар ата» қалдық қоймасының айналасында да сексеуілден жасыл қорғаныс аймағын құру жоспарлануда. Бұл жұмыс 2025 жылдың соңына дейін жасалатын болады.