«Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының 30 жылдығы қарсаңында осы мекемеде жұмыс жасаған ардагерлерге арналған арнайы тақта ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Шара пошта жазылушыларына арналған «Баспасөз – 2024» күнімен тұспа-түс келіп, басқосуға «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының ардагерлері, облыстық «Маңғыстау» және «Огни Мангистау» газеттерінің редакторлары, сондай-ақ жергілікті басылымдарға тұрақты жазылып жүрген оқырмандар қатысты.
-Мен Меңдібай Мыңжасарұлының немересімін. Атам осы мекемеде біраз жылдар жемісті еңбек атқарды. Қазіргі ұжымның атамыздың еңбегін бағалап, осындай құрмет көрсетіп жатқанына алғысым зор. «Қазпошта» ардагерлеріне ең басты байлық – денсаулық тілеймін, еткен еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер. Ал мекеме қызметкерлерінің жұмысына табыс тілеймін, - деді тақтаның ашылуына қатысқан оқырман.
Меңдібай Мыңжасарұлы «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалында 1948-1996 жылдар аралығы еңбек еткен. Қызмет ете жүріп басшы орынбасарына дейін көтеріліп, кейін осы жерден зейнеткерлікке шығады.
Тақтаға естелік фотосы ілінген тағы бір ардагер Майсан Қосманованың айтуынша, ол мұнда 1984-2010 жылдар аралығы үзбей еңбек еткен.
-Ардагерлерді ұмытпай, еңбегін бағалап, естелік тақта орнатқан филиалға көп алғыс айтамын. Жастық шақ, еңбек еткен кездер еске түсіп, көңілім толқыды, - деді Майсан Қосманова.
«Баспасөз – 2024» күні өткен шарада 55 ардагер облыстық газеттерге тегін жазылды.
Айта кетейік, «Қазпошта» Маңғыстау облыстық филиалында бүгінде 300-ден астам қызметкер еңбек етіп, 150-ден астам қызмет түрін ұсынады. Жойылып кетуі тиіс мамандықтар тізімінде пошташының кәсібі қазір бірінші тұратын сияқты көрінеді. Алайда басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, аймақта байланыстың бұл саласына деген сұраныс әлі де жоғары. Облыстық филиалдың бүінде қалалық және ауылдық елді-мекендерде 50 шақты бөлімшесі бар. Қаржылық операция-лар, тауарлар тасымалы, төлем¬дер, банктік қызметтің кейбір түр¬лері және тағы басқа қыз¬меттерді жүзеге асырады. Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап халыққа қызмет көрсету орталығының кейбір қызметтері де филиалға жүктеліп отыр.