Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жақында Түпқараған ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен прокуратура, ішкі істер бөлімімен бірлесіп оқушылармен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
9-11-сынып оқушыларына құқықбұзушылық пен отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жасөспірімдер арасындағы түрлі қылмыстық оқиғаларды болдырмау, психотропты заттарды қолданудың зияны, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен ұрып-соғудың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
“Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Ата-аналардың мектеп пен бала өміріндегі рөлін арттыру, сондай-ақ мектептерде қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жүзеге асырылады.
Биылғы оқу жылында адамгершілік, тұлғалық қасиеттерді дамытып, құндылықтарды дарытуға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» қалыптасты. Ауданның білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылып, өз жұмыстарын жүргізіп жатыр”, деді Түпқараған ауданының білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.
Сонымен қатар, балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ведомствоаралық ден қоюды және зардап шеккен балаларға, олардың отбасыларына уақытылы кешенді көмек көрсету және қолдау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісімділігін қамтамасыз ету алгоритмі мен іс-шаралар жоспары жасалды.
Әр тоқсан сайын «Қауіпсіз білім беру ұйымы» онкүндігі, арнайы профилактикалық рейдтер, құқықтық оқыту сабақтары, психологиялық жұмыстар жүргізіліп, түрлі тренингтер ұйымдастырылды. Облыстық прокуратура, Полиция департаментімен үш жақты Меморандум жасақталып, ауданның білім беру ұйымдарына прокурорлар бекітілген болатын.
Айта кетейік, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Бала қорғау» телеграмм чаты, «111» сенім телефоны жұмыс істейді.