Маңғыстау облысының аумағында алдыңғыазиялық барыс (леопард) мекендейді. Жыртқыш аң алғаш рет Үстірт қорығында фототұзаққа түскен еді. 2022 жылдың тамыз айында Жабайұшқан қаумалы аумағындағы бұлақтардың бірінде фототұзаққа ілікті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ал 2023 жылдың көктемінде Манашы қаумалының аумағында кезекшілікте жүрген инспекторлардың алдынан алдыңғыазиялық барыс шыққан. Мамандар жыртқышты ұялы телефондарына түсіріп үлгерген.
Сол кезден бастап өңірдегі барлық қаумал аумақтарына жаңа фототұзақтар орнатылып, бақылауға алынды. Бүгінде мамандар Маңғыстауда барыстың нақты қандай түрі мекендейтінін анықтау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Барыс сүтқоректілер класы, мысық тұқымдасына жататын аң. Орта Азия мен Африкада мекен етеді. Оның дене бітіміне келетін болсақ ұзынша, тұрқы 120-150 см, құйрығының ұзындығы 60 -70 см.
Бұл аң Маңғыстауда өте сирек кездесетін, жойылып кету қаупі төнген жануар.
- Хайуанаттар – табиғаттың қайталанбас, генетикалық бірегей туындысы, олардың әрбіреуін толықтай құртып алу дегеніміз – табиғаттың баға жетпес сыйынан айырылумен барабар. Ластанған су мен ауаны да тазартуға, қалпына келтіруге болады, ал жойылып кеткен биологиялық түрді қайта тудыру, дүниеге қайта келтіру мүмкін емес. Адамзатты жабайы жануарлар мен аң-құстарды аялауға, қорғауға шақырамыз, - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері.