Ақтауда «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында 10 600 орындық 8 мектеп салынады. Оның алтауының құрылысы былтыр басталды. Сондай-ақ, қалада «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 1200 орындық екі мектеп салынып жатыр. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев аталған мектептердің құрылыс жұмыстарын тексерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы салынып жатқан мектептердің бірі 19А шағынауданында орналасқан. Білім ордасының жалпы аумағы 3979,84 м2 құрайды. Мектептің жанында спорт алаңын салу жоспарланған. Жауаптылардың айтуынша, мектеп толығымен оқушыларға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмақ. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев аталған мектептердің уақытылы тапсырылуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
- Ақтау қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8 мектеп құрылысы жоспарланған. Одан бөлек, екі мектеп қор арқылы салынып жатыр. Негізгі мақсат - балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Сондықтан аталған мектептердің құрылысы сапалы жүргізілуін, әлеуметтік нысандардың уақытылы тапсырылуын қамтамасыз ету қажет. Мектептің маңындағы көлік тұрағы мәселесін де қарастыру керек, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ал «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы салынып жатқан екінші мектеп 18 шағынауданда орналасқан.