Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Имаммахмұт Шағырбаев тұрғындармен кездесті. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Кездесуге барлық мемлекеттік мекеме басшылары және жауапты мекеме өкілдері қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
⠀
Сауалдардың басым бөлігі әлеуметтік тақырыпта болды. Атап айтқанда су жетіспеушілігі, жылу мәселесі, газ тарту және қоғамдық көлік мәселелері қозғалды. Мәселен 21ш/а тұрғыны газ тарту мәселесі бойынша сауал қойды.
- 21ш/а таунхаус, коттедж үйлер салынып жатыр. Сол жерде – 4 көше. Бірінші көшеде су, газ бар. Мен екінші көшеде тұрамын. Бір айдан кейін қыс басталады. Желі тартылғанымен әлі газ берілген жоқ. Біздің көшемізге газ тартып беруіңізді сұраймын, - деді қала тұрғыны.
Тұрғын сауалына Имаммахмұт Шағырбаев жауап беріп, тиісті бөлім басшыларына мәселені назарда ұстауды тапсырды.
-Бірінші кезекте сіз құрылысты жүргізген компаниямен келісімге келдіңіз. Ол компания сіздің тұрғын үйді белгілі бір уақытта қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету туралы міндеттеме алды. Барлық қала тұрғындарына айтарым, тұрғын үйді сатып алған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңға сәйкес сатып алу керек. Бұл заңда үлескерлердің қаржысын тартуға 3 тәсіл көрсетілген. Біріншісі, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» мекемесінің кепілдігі болу керек. Екіншіден, екінші деңгейлі банк қатысуы керек немесе әкімдіктің рұқсаты болған жөн. Егер белгіленбеген тәсілдермен үлестік қатысуға барғанда үнемі осындай мәселелер туындайды. Сіздің мәселеңізде құрылыс салушы мекеменің тарапынан тиісті нысан құрылысы аяқталып, акт тіркеліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» тиісті құжаттарды қабылдағаннан кейін ғана сіздерге газ қосылады, - деді қала әкімінің міндетін атқарушы Имаммахмұт Шағырбаев.
Кездесуде аялдама мәселесі де қозғалды. Тұрғындар жауаптыларға жаңадан салынған аялдамаға алғыстарын білдірді. Биыл Ақтау қаласында 9 жаңа аялдама салынған еді. Олар: 1 ш/а «Дружба», 3 ш/а «Энергетика колледжі», 11А ш/а айып тұрағы, 26 ш/а мешіт алды, 32 ш/а Ш. Есенов спорт кешені, 34 ш/а «Батыр» спорт кешені, 32Б военкомат аумағы, 29 ш/а «Ak kala Mall» сауда орталығына қарама-қарсы жолда және 13 ш/а 2 үй артында орналасқан.
Халықпен кездесуден соң, Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Имаммахмұт Шағырбаев тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдады. Кездесуге 30-ға жуық тұрғын қатысты.
Қабылдауда тұрғындар тұрғын үй, жұмыссыздық, жер және әлеуметтік мәселелер бойынша өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Тұрғындардың сауалы бойынша қала әкімінің міндетін атқарушы Имаммахмұт Шағырбаев тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.