© Архив
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті, Жергілікті полиция басқарма бастығының орынбасары Тілекберген Селбаев өңірде болатын жол апатының негізгі себептері жөнінде айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Тілекберген Селбаевтың айтуынша жол-көлік оқиғаларының басты себептері – жылдамдық режимін сақтамау, ұйықтап кету, қарсы бағытқа шығу, маневр ережелерінің талаптарын орындамау. Ол ең ірі жол апаты көлік жүргізушісінің алкоголь ішіп, рөлге отыруынан болатынын айтады.
Оның сөзінше Полиция департаменті атқарып жатқан іс-шараларға қарамастан жол-көлік оқиғаларының саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 48-ден 121-ге, жарақаттанғандар саны 62-ден 176 -ға, өкінішке орай қаза болғандардың саны 15-тен 32-ге өскен.
Сондай-ақ, мотокөлік, мопед жүргізушілерінің қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 1 адам қаза тауып, 10 адам дене жарақатын алған.
Тілекберген Селбаев қай орындарда жол апаты жиі болатынын атады.
- Бұл жол-көлік оқиғаларының ең ірісі «Доссор-Құлсары-Боранқұл-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағытындағы республикалық маңыздағы автомобиль жолының «Бейнеу-Сайөтес» аралығында болды. Жергілікті атқарушы органмен бірлесіп «Бейнеу-Сайөтес» жол бөлігіне жылдамдық режимін өлшейтін бейнебақылау құралын қою, тоқ интернетті орнату, сонымен қатар төрт-түлікті жол жиегіне жаюға тыйым салу мәселесі талқыланды. Төрт түлік малдың қатысуымен 2 жол апаты болды. Соның салдарынан 1 адам қаза тауып, 2 адам жарақаттанды. Сондай-ақ, малдан қорғайтын арнайы қоршаулар орнату, малға арналған жерасты өткелдерін салу, рефлекторлар және микрочиптеу мәселесі де жіті назарда. Мал иелерімен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді, - деді Тілекберген Селбаев.