«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы алдағы бес жылға бес басымдықпен сайлауалды бағдарламасын жасақтаған болатын. Осы бағдарламаға Құрық-Жетібай бағытындағы республикалық маңызы бар жол құрылысын салу 2023-2024 жылдарға жоспарланған еді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Сайлауалды бағдарламада көрсетілген барлық шараның орындалысын партиялық бақылау комиссиясы назарға алып, мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Республикалық маңызы бар Құрық-Жетібай автомобиль жолының құрылысын «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы қарап, жұмысымен танысты.
Биыл осы Құрық-Жетібай тас жолының 27 шақырымын салуға 4,7 млрд қаржы бөлінген. Мәрттік танытқан мердігер мекеме «Ақ жол» құрылыс серіктестігі Құрық-Жетібай аралығындағы 64 шақырымының бірінші қабатын және 30 шақырымының екінші қабатын төсеуге шешім қабылдап, жұмыстар жүргізілуде. «Ақ жол» құрылыс серіктестігінің бас инженері Жантас Молдабаев жол құрылысының 7 шақырымы ғана қалғанын айтып, жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Жетібай кентіне кіре берісіне теміржол үстінен көлік өтетін өткел салу жүруде.
-Жетібай кентіне кіреберіске теміржол өткелін салып жатырмыз. Қазір өткелдің арнайы бекітілген шоқпарларына бетон қатайту жұмыстары жүруде. Ары қарай жұмыстарды өз кезегімен жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Өткелдің ұзындығы 80 метр, ені 13 метр, салмақ көтеру қуаттылығы А14-180т, әр дөңгелекке 14 тоннаға дейін көтеруге қабілетті-дейді, «Ақ жол» құрылыс серіктестігінің бас инженері Жантас Молдабаев.
-2024 жылға құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 3,2 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға жолдың қалған қабаттары төселіп, белгілері орнатылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жол бойына 4 аялдама, 4 дәретхана салынады-деді, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Арман Жолдықұлов.