Бейнеу ауылының тұрғындары ауданда сәл жел тұрса, жарық өшіп қала беретінін айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс әкімінің телеграм арнасына шағымын жолдаған Бейнеу ауылының тұрғындары сәл жел тұрса жарық өшіп қала беретінін айтты.
«Осылай жалғасып келе жатқанына неше жыл болды? Трансформаторды мың рет ауыстыратын уақыт болған шығар. Оған қоса жел тұрса, ұялы байланыс желісі әлсіз ұстайды. Осы мәселені шешуге бола ма?», - дейді тұрғындар.
Бейнеу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінің мамандары ауылдағы №110 ұяшыққа қарайтын көшелердің электр желісіндегі ақау мәселесі тұтынушының көп болуы себебінен екенін түсіндірді.
«Бүгінгі таңда аудан әкімдігі электр желісіне түсетін жүктемені азайту мақсатында Бейнеу ауылына 35/6 кВт-тық подстанция құрылысының жобалық сметалық құжатын жасақтап жатыр. Аталған жоба қаржылық қолдау тауып жүзеге асқан жағдайда электр энергиясының жүктемесі 2 есеге азаяды. Оның жетіспеушілігі мен желідегі ақау мәселесі түбейгейлі шешіледі», - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінің мамандары.