Маңғыстау облысы бойынша Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Болатбек Ақшауов қала мектептерін аралады.
Бұл жолы білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігіне қаншалықты мән берілгені назарға алынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мектеп басшыларына балалардың қауіпсіздігін арттыру жолдары ұсынылып, жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция бөлімі және патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, мектептер жанындағы барлық жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңарту, кейбір мектептердің жанына шлагбаумдар орнату, көліктерді бей-берекет тұраққа қоюға жол бермеу. Сонымен қатар, Болатбек Ақшауов мектептердегі барлық эвакуациялық шығу жолдарын тексеріп, бүкіл ғимарат бейнекамераға түсіп тұруы үшін бақылау камераларын орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, әкімшілік полиция басқармасына әкімдікпен бірлесіп, мектептер маңына жол белгілерін орнату мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Айта кетейік, өткен оқу жылдарында мектеп кіреберісінде көліктердің тоқтаусыз жиналып қалуына шағымданғандар көп болған.