Жас мамандарды оқытудың екінші күні қатысушылар жастар ресурстық орталығының жобалық қызметі мен оны іске асырудың ерекшеліктерін талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен қатар өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту, жастар бастамаларын қолдау бойынша отандық және шетелдік кейстер айтылды.
Спикер Сабыржан Кеңшіліктің айтуынша, жастар ісінің алты түрі бар. Оның бірі - ашық жастар жұмысы, бұл қолда бар ресурсты өзге жанға қолжетімді ету. Яғни, жастардың сеніміне, қабілетіне, дағдысына, білімі мен экономикасына қарамастан бастама көтеруге, бір нәрсе істеуге, дамытуға мүмкіндік беретін қарым-қатынас орнату әдісі. Ашық жұмыс жүргізу арқылы жастар орталығына деген еркін көзқарас пен сенім орнайды.
Екіншісі - жылжымалы мобильді жастар жұмысы. Сол арқылы жастар маманының NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуі оңтайланады. Себебі, жастар қызметкері тек бір ғана шекарада ғана емес, келесі бір шекараға кіру арқылы нәтижеге қолжеткізеді.
-Үшіншіден, жастарды ақпараттандыру және кеңес беру бағытындағы шараларды іске асыру маңызды. Жастар ісінің төртінші түрі - жастар ортасын зерттеу. Егер зерттеу жүргізілмесе, ұйымдастырылған шаралар мен жобалар өз нәтижесін толық бермейді. Сондықтан зерттеу жүргізу, мақсатты аудиториямен пікірлесу, оның қажеттілігін қанағаттандыру - тоқтаусыз процесс, - деді Сабыржан Кеңшілік.
Оның айтуынша, жастар ісі саласындағы оқыту маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар ол цифрлық жастар жұмысы тек орталықтың жобаларын насихаттаумен ғана айналыспауы қажет екендігін атап өтті.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар оқытудың алғашқы және екінші күні алған білімін ойын арқылы тәжірибеден өткізді.
Айта кетейік, бүгін оқытудың үшінші күні қатысушылар жастар қызметінің кәсіби стандарты мен біліктілік талаптарын талқылап, жастар қызметкерінің жеке брендін қалыптастыру тақырыбында тренинг өтіп жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА