Ақтауда Zhas Project қатысушыларының 2022 жылғы жетістіктерін қорытындылап, көрсетуге бағытталған «Үздік тәжірибелер форумы» өтті. Байқау нәтижесінде үздік идея авторлары 1 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жобаның негізгі мақсаты - әсіресе ауыл жастарының әлеуметтік экономикалық салаға араласуын қолдап, олардың бизнес идеяларына демеушілік беруге бағытталған.
Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және жергілікті атқарушы орган өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жобаны жүзеге асырудағы серіктестер мен шағын грант иелері қатысты.
Zhas Project жобасының жеңімпаздары мен ментор ретінде қатысушыларды аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен министр Дархан Қыдырәлі марапаттады.
-Мемлекет басшысы: «Бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Еліміз бәсекеге қабілетті болып, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасы одан әрі жақсаруы керек. Білімді әрі білікті жастар ғана биік мақсатқа жете алады» деп жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтетінін айтқан еді. Маңғыстау облысында білікті, білімді, тың идеяларға ие жастар көп. Бүгін міне, Маңғыстау облысында жүзеге асырылған «Zhas Project» пилоттық жобасын қорытындылап отырмыз. Бұл – сөзсіз, жастарға жасалған үлкен мүмкіндік әрі жаңа жобалардың дүниеге келуіне жасалған қадам. Үздік әлеуметтік жобалар сынға түсіп, 63 жоба жеңімпаз болды. Олар өз кәсібін бастап, еңбегінің жемісін көрмек. Бұл жобаның негізгі мақсаты да осы, - деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Форум жастардың осал топтары арасындағы пилоттық жобасын іске асыру нәтижелерін шығару, үздік жастар жобаларын анықтау, жұртшылыққа жобаны өңірде іске асыру нәтижелерін көрсету, жастар жұмысындағы жаңа тәсілдер мен технологияларды талқылау және қатысушыларға жобаларын жүзеге асыруды жалғастырудың әртүрлі нұсқаларын табуға көмектесу мақсатында өтті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мемлекеттік жастар саясатына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
-Қазір елде жастарды қолдауға арналған нақты жобалар бар. Қажетті мамандықтарды қысқа мерзімде оқытудан бастап түрлі озық идеяларды қаржыландыруға арналған бағдарламалар бар. Маңғыстау облысындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау мен инклюзивті білім беруге бағытталған жастардың жобаларына ерекше көңіл бөлінуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жастар саясаты жөніндегі кеңестің де құрамы жаңартылды. Бұл саладағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады, - деді Д.Қыдырәлі.
Айта кетейік, «Маңғыстау облысында гранттар беру рәсімдерінің барынша ашықтығын қамтамасыз ете отырып, «Zhas Project» жастардың әлеуметтік осал топтары арасында пилоттық жобасы» ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен, «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің жүзеге асыруымен өтті.
Шағын гранттар байқауына 18 бен 29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысты. Жобада ерекше басымдылық - жұмыссыз азаматтар мен аз қамтылған отбасынан шыққан жастар, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен көп балалы отбасыларына берілді.