Құлсары тұрғындары Жаңаөзен қаласындағы “Каспий жоғары педагогикалық және салалық технологиялар” колледжіне орналастырылуда, деп хабарлайды “Жаңаөзен” газеті.
Колледжде 50 адамға арналған орын дайындалған. Десек те, аталған эвакуациялық пункке бүгінге дейін 70-ке жуық адам тіркелген. Эвакуацияланған тұрғындарды колледж жататын жермен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
77 жастағы Құлсарылық ақ жаулықты әже Нұрсұлу Тайманова қиын-қыстау кезде пана болып, құшақ жая қарсы алған жаңаөзендіктерге алғысын білдірді.
Алайда тұрғындар су тасқынына байланысты үйлерінен ешнәрсе алып шықпағандықтан, оларға киім-кешек пен гигиеналық заттар керек. Көмек қолын созам деушілер колледжге керекті заттарды апара алады.
Бүгінгі таңда топан судан зардап шеккен тұрғындарға номері 1 ЖГП-ның 1-ші бөлімінің мамандары гигиеналық заттар, балаларға арналған киімдер әкелсе, “KMG ceatring” ЖШС-дан нан өнімдерін жеткізді.
Колледж басшысы Исембай Қалдаманов Құлсарыдан келген адамдардың балаларына жаңа киім сыйлап, жеке балабақшасы мен мектебіне қабылдауға дайын екенін айтты.