Ақтаулықтар малдың бағасы күрт өскенін қызу талқылап жатыр. Әлеуметтік желіде кеше тараған фото Мұнайлы ауданының "Ынтымақ" мал базарында түсірілгені белгілі болды. Кәсіпкерлердің пайымдауынша, мал бағасы "Доссор-Ақтау" жолының жабылуына байланысты көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кәсіпкерлер төрт түлікті қымбат сатып алып жатқанын айтып отыр. Су тасқынының салдарынан әкелінетін мал саны да азайған.
- Менің ойымша, олар жеткізу жағдайына байланысты бағаны көтерген. Расымен қымбат. Ал оның үстіне сатушының үстеме бағасы қосылса, одан да қымбатырақ болады. Біздің шағын базарда мұндай бағалар жоқ, - деді 29а шағын ауданның мал базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бірі.
Сатушылар тасымалдау қиынға соқса да бағаны көтермейтінін айтады. Негізінен 29а шағынаудандағы мал базарға төрт түлік Ақтөбе мен Орал қалаларынан әкелінеді. Қазір мұнда 500-ге жуық мал бар.
- Өкінішке қарай Маңғыстауда азық-түліктің көпшілігі, мал мен құрылыс заттары басқа жақтан әкелінеді. Негізі 60-70 бас мал әкелетін, ал қазір оның саны жолдың жабылуына байланысты азайды. Біздің базарда баға көтерілген жоқ. Қымбат малдарды біз сатып алмаймыз. Менде қойлардың бағасы 50мың-120мың теңге арасында. Барлығы салмағына қарай бағаланады, - Нұрым Қадыршаев.
Сондай-ақ тұрғындар азық-түліктің де бағасы өскенін талқылап жатыр. Сатып алушылар кейбір жерде азық-түлік пен көкөніс бағасы 20 теңгеге көтерілгенін айтады. Ал кәсіпкерлердің бірі тауар бағасын төмендетіпті. Ол көрші өңірдегі қиын жағдай пайда табуға себеп емес деп санайды.
- Шама келгенше бағаны түсіріп жатырмыз. Тауарды өз құнына сатып жатырмыз десек те болады. Адамдар су басқан үйін тастап, жан сауғалап кетіп жатыр. Мұндай кезде пайда көздеуге болмайды деп ойлаймын. Жеміс-жидек пен қызылша, сәбізді Ресейден аламыз. Картоп Павлодардан, пияз Шу мен Тараздан, қырыққабат Өзбекстаннан жеткізіледі. «Доссор-ақтау» тас жолы жабылғанымен әкімдік көмектесіп жатыр. Яғни жүк Атыраудан Ақтауға жүретін вагондарға тиеліп жатыр. Жүк көліктерінің жүргізушілері де бізге үлкен жеңілдік жасап жатыр. Мұндай қиын шақта бір-бірімізге көмек көрсетуіміз керек. Сол себепті бағаны көтермейміз, - дейді кәсіпкер Азамат Таңатаров.
Айта кетейік, Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз көтеруге қатысты күнделікті баға мониторингі мен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай фактілер анықталған жағдайда Маңғыстау облысының сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жұмысқа кіріседі. Егер кәсіпкер мемлекеттік органдардың ескертуін елемесе, онда оған Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-4-бабына сәйкес айыппұл салынады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерінен асып кеткені үшін шағын кәсіпкерлік субъектілері 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері 75 АЕК, ірі кәсіпкерлер 300 АЕК айыппұл арқалайды.