14 қаңтарда Қазақстан командасы Түркия FIRST Tech Challenge жабық робототехника чемпионатында жеңіске жетті. Жарысқа 30-дан астам түрік командасы мен екі қазақстандық команда, яғни Жаңаөзен және Алматы қалаларындағы БИЛ-нің 9, 10 және 11- сынып оқушыларынан құралған Rebels and Queue командасы қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстандық оқушылар робот ойынында жоғары төрешілік марапаттарға ие болды.
Жаңаөзен қаласынан «Rebels» командасының 9-11-сынып оқушылары – Сұлтан Бимағамбет, Бексұлтан Оғланбек, Әділет Байғұбен, Ізбазар Балғамбаров, Батыржан Орынбаев, Айбек Нұралы, Бек Ерлепес, Данияр Ысқақов және Мәди Жандосов роботтың ойластырылған дизайны мен функционалдығы үшін Design Award сыйлығын алды.
«Қазақстан құрамасы түрік тарапынан эксклюзивті шақыру алды. Шәкірттерімнің шетелде жеңіске жетуі нағыз ұмытылмас сезім. Енді Астанада өтетін Орталық Азия кезеңіне қарқынды дайындаламыз», - дейді «Rebels» командасының жаттықтырушысы Жөндер Сүлейменова.
Еске салайық, қазақстандық оқушылар Түркия чемпионатына жолдаманы былтыр желтоқсанда Оқу-Ағарту Министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде жеңіп алған.