Маңғыстау облысындағы бірегей ет өндіруші кәсіпорын Korkem Alem компаниясының негізі қаланғанына 3 жыл және ет комбинаты мен алғашқы фирмалық дүкендерінің іске қосылғанына 1 жыл толуына орай Жаңаөзен қаласында салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынға қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев, өзге де жергілікті атқарушы және құқық қорғау орган басшылары қатысты.
Ет комбинатының баспасөзбен қызмет бөлімінің хабарлауынша, шара барысында кәсіпорынның алғашқы іргетасы қаланған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келе жатқан бірқатар мамандар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапатына ие болды.
«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атауымен заңгер Руслан Жұмағұлұлы, ішкі органдарды тазалаушы маман Бағила Беркінбаеваға төсбелгілер тағылса, қасапшы Смағұл Хамитұлы Құрмет грамотасын иемденді.
Директордың қаржы жөніндегі орынбасары Шахрияр Джафарзаде және экономика, бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Алпамыс Ұзақбергенов министрліктің Алғыс хатын алды.
Сондай-ақ, қызметте белсенділік танытып, компания дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген 30-дан астам қызметкер Маңғыстау облысы және Жаңаөзен қаласы әкімдерінің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, Жаңаөзен қалалық маслихатының Алғыс хаттарына ие болды.
Салтанатты шараға арнайы концерттік бағдарлама дайындалды. Шара кезінде компанияның құрылу тарихы баяндалған бейнеролик көпшіліктің назарына ұсынылды. Және де табақ тарту дәстүрінің маңызын көрсеткен көрініс көрсетілді. Жиынға қатысқан серіктес мекеме басшыларына компания атынан алғыс хаттар мен арнайы естелік бокстары тарту етілді.
KorkemAlem - аймақтағы жалғыз ет өңдеу кәсіпорны статусын иемденген компания. Қазіргі уақытта кәсіпорында 170-ке жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың 139-ы жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен қызметке орналастырылған.
«Биыл кәсіпорынның өндірістік қуатын арттырып, облыс орталығы Ақтау қаласынан сауда нүктелерін ашу, жұмыс орны санын 220-ға жеткізу жоспарда бар»,- дейді компания басшылығы.