Жаңаөзенде «Әншуақ» фестивалі аясында «Қобыз үні» атты қобызшылар байқауы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты - Маңғыстау облысынан шыққан алғашқы қобызшы Ханшайым Балапашқызының еңбегін дәріптеу, дарынды оқушыларды қолдау, олардың шығармашылық белсенділігін, кәсіби бағдарлануын ынталандыру. Өнер додасына балалар музыка және өнер мектептерінің жас ерекшеліктеріне қарай 18 қобыз сыныбының оқушылары мен 3 өнер мектебінің ансамблі қатысты.
Алғаш рет өткізілген байқауға Ханшайым Балапашқызы қатысып, ұйымдастырушыларға өз лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қатысушылар берілген бағдарлама талаптарына сәйкес өнер көрсетті. Қазылар алқасы жас ерекшеліктеріне қарай жеңімпаздарды анықтап, білім берудің оқу-әдістемелік орталығының дипломдарымен марапаттады.
Бас жүлдені жоғары топтан жаңаөзендік Жанерке Қойлыбай алды.
Ал бірінші орынды кіші топ бойынша Маңғыстау ауданынан келген Айзада Талғат иеленді. Орта топ бойынша ақтаулық өнерпаз Нұржамал Нурходжа алды. Ал жоғары топ бойынша ақтаулық Гаухар Алимбетова марапатталды.