© Abai.kz
Маңғыстау облысында 2023 жылдың қазан айында мыңнан астам Үстірт арқары есепке алынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр күзде арқарлармен бірге жетпістен астам қарақұйрық саны тіркелген.
“Ауыл шаруашылығы министрінің «Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар түрлерін есепке алуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, біздің басқармаға қарайтын «Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ жабайы аңдар санағын жүргізеді. Орман шаруашылығы комитетімен келісім-шартқа отырған «Охотзоопром» РМҚК мен Зооинститут мамандары да жойылу қаупі төнген арқар, қарақұйрық сияқты тұяқты жануарлардың санағын көктем мен күз айларында жүргізіп тұрады. Былтыр 5-11 қазан аралығында жүргізілген санақтар барысында 1059 бас үстірт арқары, 73 бас қарақұйрық есепке алынды. Фототұзақ суретке түсіріп алған ақ қасқыр өте сирек кездесетіндіктен, оның өңіріміздегі нақты санын анықтау мүмкін болмай отыр», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Әсел Аманбекқызы арнайы құрған фототұзаққа ілінген сирек кездесетін аңдардың да жиі байқалғанын алға тартты.
“2023 жылы сирек аңдар жүруі мүмкін деген маңдарға қойылған UOVision GREEN-30 маркалы 38 фототұзақ 17 мыңнан астам сурет түсірген. Камералар жойылып кету қаупі төнген, Қазақстанның Қызыл кітабына енген аң-құстарды суретке түсіріп, бейнежазба да жасайды. Сондай материалдардан өңірімізді Үстірт арқары, ақ қасқыр, қарақұйрық, қара қарын, дала мысығы, лашын, бүркіт сияқты көптеген сирек аңдар мекендейтінін анықтадық.
Біз фототұзаққа түскен аңдар мен құстар бойынша жаңалықтарды, деректерді әлеуметтік желіде тұрақты жариялап отырамыз. Ондағы мақсатымыз – көпшілікке бұл аң-құстарды аялау қажеттігін, табиғатқа деген жанашырлықты дәріптеуге бағытталған», - деді ол.
Басқарма басшысы өңірде киіктер популяциясын сақтаудың қай деңгейде жүзеге асып отырғанын да айтып өтті. Сонымен бірге, Маңғыстауда киік санының 12 мыңға дейін өскені анық байқалып отыр.
«Қазақстанда киіктер Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциясы болып бөлінетіні белгілі. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарын киіктердің Үстірт популяциясы мекендейді. Санақ бойынша бұл популяцияның жалпы саны 2022 жылы 28 мың бас болса, 2023 жылы 39 700 басқа жеткен.
Киіктердің үстірт популяциясы негізінен Ақтөбе облысын мекендейді. Маңғыстау аймағында Бейнеу ауданындағы «Есет», «Көлеңкелі» табиғи қаумалдарына және Ақтөбе облысымен шекаралас аумақтарға тек маусымдық көші-қон кезінде ғана, әсіресе көктем айларында келеді. Сондықтан, Маңғыстау облысында киіктерді тұрақты қадағалау жүргізілмейді», - деді Ә.Балманова.
Мangystaumedia.kz бұған дейін өңірде фотоқақпаған түсіп қалған ақ қасқыр мен құм мысығы, сондай-ақ, сирек кездесетін дала бүркіті туралы жазған болатын. Бұған дейін аталған аңдардың еліміздің кездесетіні туралы мәлімет болғанымен, бірнеше жылдан бері Маңғыстау облысы аумағында байқалмаған еді.