Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау филиалының директоры Хамзат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында автожолдардың құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына ерекше назар аудару керектігі және де 2025 жылға дейін жергілікті маңыздағы жолдардың 95% пайызын жақсарту тапсырылды. Осыған байланысты ұлттық жол сапа орталығы мен Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арасында жол құрылысы мен оған қолданылатын материалдар сапасына сараптама жүргізу үшін үш жылдық келісімшарт жасалды» - деді Хамзат Жастайұлы.
Келісімшарт негізінде облыс көлемінде жөнделіп жатқан немесе енді жөнделетін жол нысандары жүз пайыз тексеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, қолданыстағы заңнамаға енген өзгерістерге байланысты 2023 жылдан бастап орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттама барлық автомобиль жолдарына жасалуы тиіс. Яғни, ендігі кезекте жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, сондай-ақ қала көшелері мен елді мекендер көшелеріне де осындай құжат жасалады.
«2023 жылы облыс аумағындағы жолдарда материалдар мен жұмыс сапасын сараптау үшін 588 рет бақылау жүргізілді. 2806 жол-құрылыс материалы іріктеп алынды. Соның ішінде 143 сынама талаптарға сәйкес келмей шықты. Биылдан бастап ұлттық сапа орталығының қызметкерлері асфальтобетон өндіретін жергілікті зауыттарға барып, құрылыс материалдарының сапасы талаптарға сәйкес келуін тексеруге көшті. Соның ішінде, «Каспи битум» кәсіпорнымен тікелей келісімшарт жасалып, жол битумының сапасы ай сайын тексеріліп отырады» - деді ол.
Айта кету керек, мамандар бірқатар жол обьектілерінен ақаулықтарды тапты. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде, жалпы аумағы 12 мың 27 шаршы метр жолдарда асфальт-бетон жамылғысы қайта төселді. Соның 10 мың шаршы метрден астамы республикалық маңыздағы трассаларда, қалғаны 1707 шаршы метрі жергілікті жолдарда жасалып отыр. Жолдарды қайта құрылымдау жұмыстары 58 млн-ға жуық теңге жұмсалды.