Әлеуметтік желіде маңғыстаулық әженің хирург-дәрігер Құрман Қайрановқа алғыс айтқан бейнеролигі тарап, желі қолданушыларының жүрегін тебірентті деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Instagram желісінде 250 мыңнан астам қаралым жинаған бейнежазба қолданушылардың қызу талқысына түсті. Видеоның басты кейіпкері Жазық Сарыкулова немересінің тұсаукесер тойында дәрігерге алғысын айтып, ағынан жарылды.
Ақтаулық хирург-дәрігер Құрман Қайранов сәбиге туа сала күрделі отаны сәтті жасап, анасының да өмірін сақтауға көмектескен.
- Нәрестенің денсаулығындағы ақау ана құрсағында жатқанда анықталды. Бала жарық дүниеге келген бойда үш сағаттық операция жасау керек болды. Әрине оңай болған жоқ. Мен қазір ең қиын сәттің артта қалғанына қуаныштымын, - деді Құрман Қайранов.
Ауыр отадан кейін бала бір ай бойы жансақтау бөлімінде болған. Ақ халатты абзал жанға алғысын білдіргісі келген нәрестенің туыстары дәрігерді арнайы тұсаукесер рәсіміне шақырған.
- Біз Құрманды мақтаныш тұтамыз. Ол Маңғыстау облысы бойынша аса тәжірибелі дәрігерлердің бірі. Осындай білікті мамандармен мақтанамыз. Дәрігерлерге басымызды иеміз, - деді Жазық Сарыкулова.
Құрман Қайранов Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 25 жылдан астам, ал облыстық перинаталдық орталықта 12 жыл жұмыс істейді.
Ел ықыласына бөленген, халық алғысын арқалаған хирургтің айтуынша дәрігер болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ол ұзақ жылдар бойы Ресей, Израиль елдерінде кәсіби білімі мен біліктілігін ұдайы жетілдіріп, тәжірибесін толықтырған.
- Адам алдымен өз мамандығына берік және адал болуы тиіс. Бала денсаулығы аса күрделі сала. Сондықтан әрбір отаны жасау бұл командалық жұмыстың нәтижесі. Хирург, анестезиолог, неонатолог, реаниматолог, орта және кіші медицина қызметкерлерінің тығыз әрекет етуінің арқасында ғана кез келген операция сәтті өтуі мүмкін, - дейді Құрман Қайранов.