Кеше Жаңаөзенде биылғы түлектердің тәртіпсіздігіне байланысты жиналыс өткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиналыста облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі және облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Светлана Алибекова биыл оқу бітіріп жатқан түлектердің ата-аналарымен кездесті.
Сонымен қатар жиынға мектеп директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілер, жалпы алғанда 250-дей адам қатысты.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, жиналыста 25 мамыр күні түлектердің салтанатты шарадан кейін қоғамдық орындарда өрескел заң бұзушылық әрекеттері сынға алынған. Ата-аналардың ысырапшылдыққа жол беріп, қымбат көліктерді жалдауға қолдау көрсетуі салдарынан көптеген құқық бұзушылық болғаны айтылған.
«Түлектердің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, он бір жыл білімін қорытындылап, қалаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнына қадам басар тұста ішкі істер бөлімінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі бойынша есепке алынғандығы ескертілді», - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ алдағы уақытта мектеп пен ата-ана арасында тығыз байланыс орната отырып оқушылар мен түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыру қажетігі айтылған. Құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін алдын ала шаралар қабылдап, түлектер мен ата-аналарға шұғыл жиналыс өткізу туралы тапсырма берілген.