Бүгін, 24 сәуір күні Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен мұнай құбырларын шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz тілшісі.
Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 17 миллиард теңгеден асады. Құрылыс кезеңінде 150 жұмыс орны ашылады. Ал зауыт іске қосылғанда Жаңаөзеннің 250 тұрғыны жұмысқа қабылданады. Оқудан өткен жаңаөзендіктер 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен жұмысқа орналасады.
Жаңа өндірістік аймақ импортты алмастыруға, аймақ экономикасының өркендеуіне, жергілікті және республикалық бюджеттерге салық түсімдерінің артуына үлес қоспақ.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің өңірде жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту бойынша жоспарлы жұмыс жүреді. Өткен жылдың қыркүйек айында облыс әкімдігі мен «ҚазПетроДриллинг» компаниясы арасында Жаңаөзен қаласында зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, еліміздің экономикасын әртараптандыруға ықпал ете отырып, жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтады. Өндірістік тиімділікті жақсартуға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібі мен отандық өндірісті дамыту жөніндегі шараларды жалғастыру қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.
Жаңаөзендегі жаңа зауыт жылына 51 мың тонна құбыр өнімдерін, 540 мың бірлік сорғы штангаларын және 100 бірлік мұнай жылытқыштарын өндіретін болады. Кәсіпорынның құрылысы биыл желтоқсанда аяқталып, келесі жылы өнім шығара бастайды.
Бұл «ҚазМұнайгаздың» Жаңаөзенде мұнай-газ жабдықтары өндірісін қалыптастыру үшін инвесторлар тарту бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр.
«Жаңаөзенде жаңа зауыт салу – бұл инфрақұрылымға ғана емес, өңірдің келешегі мен тұрақтылығына жасалған құнды инвестиция. Біз экономика мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайта отырып, жаңа жұмыс орындарын ғана емес, қаланың әрбір тұрғынының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз. Бұл зауыттың іргетасына қаланған әрбір тас – қаланы дамытуға деген ниетіміздің белгісі. Жоба – стратегиялық инвестицияның қалалардың дамуына тигізетін оң әсерінің жарқын мысалы деуге болады. Біз Жаңаөзенді өз үлгісімен компаниямызды ғана емес, бүкіл өңірді табысқа жетелейтін дамыған өнеркәсіп орталығы ретінде көргіміз келеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Бағдарламаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» Жаңаөзенде ҚМГ мен оның еншілес ұйымдарына қажетті жабдықтар мен тауарлар өндірісін салуға кепілдік беретін компанияларды (әлеуетті инвесторларды) іріктейді. Бұл үшін компания қажетті тауарлар тізбесін бекітіп, сатып алу тәртібіне өзгерістер енгізді. Мұндай кәсіпорынды салатын алғашқы инвестор – «Каскор-Машзавод» ЖШС. Аталған бағдарламаға «Өзенмұнайгаз» АҚ бастамашылық етті.