© Архив
Ақтау қаласында жаяу жүргіншілер жүретін жолдың жиегіндегі ағаштардың оталып жатқан видеосы әлеуметтік желіде таралып жатыр. Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі осы жағдайға қатысты түсініктіме берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Видеода қала тұрғыны жаңа өскін жас талдардың оталып жатқанын түсіріп, жұмысшылардан бұған кімнің бұйрық бергенін сұраған. Жұмысшылар қала әкімдігі тарапынан осындай тапсырма берілгенін айтқан.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің айтуынша, облыс орталығындағы магистралдық құбырларда яғни сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау құбырларын жаңарту мерзімі басталды. Осы бағыт бойынша Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша 18 жоба жүзеге асады. Мердігер мекеме 1 мамырдан бастап іске кіріседі.
- Кейбір жаңа өскін ағаштардың діңі астынан су құбырлары өтеді. Ал оларды жаңарту үшін ағаштарды кесуге тура келеді. Бұл жоба жұмысы қала инфрақұрылымы үшін маңызды. Біз мүмкіндігінше ағаштардың тіршілігін сақтауға тырысып жатырмыз. Кей жерлерде ағаштарды басқа жерге апарып егу жұмыстарын жасаймыз, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Жанболат Киікбайұлы.