Жаңаөзен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері қала жолдарында рейд жүргізді. Салық төлеуден қашып жүрген азаматтарды ұстауға полиция қызметкерлері мен сот орындаушылары шықты. Рейд барысында көлік иелеріне көлік салығы бойынша бар қарыздарды қысқа мерзімде өтеу қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Борышкерлерді табу – ведомствоаралық жұмыс тобының бірлескен жұмысының жалғыз мақсаты емес. Тағы бір маңызды міндеті – салықтық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Кез келген адам салық берешегінің бар-жоғын тексеру үшін мамандарға жүгіне алады, сондай-ақ қандай да бір шектеулердің бар-жоғын, атап айтқанда елден шығуға шектеу қойылмағанына көз жеткізе алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда жаңаөзендіктердің көлік салығы бойынша қарызы 151 миллион теңгеден асты. Рейд барысында салық төлемей жүргендерден 342 мың теңге өндіріп алынды.
Рейд барысында салық төлемегеннен пайда болатын келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін салық төлеушілерге салықтық міндеттемелерін тексеруге және берешек болған жағдайда оны тез арада төлеуге кеңес берілді (өсімпұлдар әрбір кешіктірілген күн бойынша есептеледі). Инспекторлар салық берешегін тез арада төлеген дұрыс, әйтпесе қарыз сот арқылы өндірілетінін де ескертті. Өйткені бұл жағдайда сома көбеюі мүмкін!
Заңды бұзушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ресми ескертулер берілді.
Сонымен қатар тексеріс барысында ең тиімді шаралардың бірі – қарызды толық өтегенге дейін борышкердің көлік құралын пайдалануына шектеу қою (айыптұраққа қою) әдісі де қолданылды. Осылайша, 969 мың теңгеден астам салықты төлемегені үшін Lexus 470 және Lexus 350 жол талғамайтын көліктері тәркіленді.
Бұл шара жыл соңына дейін жүйелі түрде жалғасын таппақ.
Айта кетейік, қарызды kgd.gov.kz сайты мен «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшалары мен екінші деңгейлі банктер арқылы тексеруге болады.
Жаңаөзен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы салық берешегі 1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын автокөлік иелерін қосымша шығыстарды төлеуді үнемдеуге мүмкіндік беретін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының қабылдануын күтпей, салық берешегін толық өтеуге шақырады.