Сәрсенбі, наурыздың 5-і күні жаңаөзендік жұмыссыздардың арасынан 23 адам мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп, қала әкімдігінің алдында аштық жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
5 наурыз күні сағат 17:55-те Жаңаөзен қаласының 23 тұрғыны жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай-газ саласына жұмысқа алуды талап етіп, аштық жариялады. Бұл ақпаратты олар жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жеткізген.
Бұған дейін оларға мұнай-газ секторындағы жұмыспен қамту алгоритімін сақтай отыра, 250 мың теңгеге дейінгі жалақысы бар жұмыс орындары бірнеше рет ұсынылған болатын. Уәкілетті тұлғалар олардың жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай-газ секторына тікелей жұмысқа орналасу туралы талабының басқа үміткерлерге әділетсіздік болатынын түсіндірді.
Бұл уәжмен келіспеген 23 адам 5 наурыз күні сағат 17:55-те аштық жариялаған.
- 5 наурыз күні сағат 19:13-те Жаңаөзен қаласының жедел жәрдем станциясына қалалық әкімдік ғимаратының маңында жүргендер аштық жариялап, өзін нашар сезініп жатқанын хабарлаған. Бірінші жедел жәрдем сол мезетте, екіншісі 19:41-де жөнелтілді. Біздің қызметіміздің жедел әрекет етуінің арқасында бірінші топ қоңыраудан кейін 5-6 минут ішінде оқиға орнына жетті. Сараптама қорытындысы бойынша барлығы 19 адамның жағдайы қанағаттанарлық және сау деп бағаланды. Төртеуі сараптамадан бас тартты. Ауруханаға жатқызу белгілері болған жоқ.
5-наурызда жедел жәрдемге жалпы 50-ден астам шақырту түсті. Ал бізде 10 ғана бригада бар. Біз тұрғындарды жедел-жәрдем қызметтерін жауапкершілікпен пайдалануға шақырамыз және негізсіз қоңыраулардың шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетуде кедергі келтіретінін ескертеміз, деді Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы бастығының Жаңаөзен қаласындағы орынбасары Әлішер Көмеков.
Жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай-газ саласына жұмысқа орналасу үшін аштық жариялағандар полиция бөліміне жеткізіліп, профилактикалық түсіндірме жұмыстарынан кейін заңсыз әрекеттері тоқтатылды.