Жаңаөзен қаласының өнерпаздары «Тоқмақ» мүйісінде өтіп жатқан «Бірлестік-2024» халықаралық командалық штабтық оқу жаттығуының қатысушыларына екі күн бойы концерттік бағдарлама ұйымдастырып, сарбаздардың үлкен ықыласына бөленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара барысында ҚР әскери теңіз флоты бас қолбасшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары Жұмабек Хасенов Жаңаөзен қаласы әкімдігіне, қала өнерпаздарына ризашылығын айтып, мәдениет бөлімінің басшысы Гүлайым Бақытқызына алғыс хат табыстаған.
«Халық даналығында: «Елді қорғау - парыз» - деп, бекер айтылмаса керек. Отанды қорғау - абыройлы іс болса, ол қасиетті парызды абыроймен өткерген сарбаздардың болашағын жарқын қылу - мемлекет мәртебесі.
Ел тыныштығын күзетіп жүрген барлық сарбаздарға абыройлы қызмет тілеп, айбыны асқақ, мәртебесі биік Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта бергей деп тіледік» - деп жазылған хабарламада.