№2 Жаңаөзен қалалық емханасы қаңтар айында жаңа медициналық құрылғылармен толықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа құрылғының бірі - ультрадыбысты зерттеу аппараты. Заман талабына сай құрылғы жүктілік кезінде ұрықтың даму кезеңінде туабітті ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аяғы ауыр әйелдердің репродуктивті денсаулығындағы асқынуларды, жатыр мойнындағы ісіктерді уақытылы анықтауға септігін тигізеді.
- Жаңа құрылғы суретті анық көрсетіп, диагнозды дұрыс қоюға көмектесуде. Бұл аппарат арқылы жүкті әйелдермен қатар адамның бауырын, өт жолдарын, жүрек, қалқанша безін және басқа да іш құрылыстарын түсіріп, бақылай аламыз, - деді емхананың акушер-гинеколог дәрігері Ақжарқын Есенғалиева.
Бұдан бөлек емханаға гликирленген гемоглобинді анықтауға арналған жаңа аппарат алынды. Бұл құрылғы адам қанының құрамында қант мөлшері көп болған кезде одан әрі талдау жүргізу үшін аса қажет.
- Бұрын емделушілерді скринингтен өткізген кезде қант мөлшері артық болып тұрса учаскелік дәрігеріне жіберіп, ертесіне гликирленген гемоглобинді анықтауға сынама тапсыртатын едік. Қазір жаңа аппарат арқылы барлығын бір уақытта орындаймыз. Бұл құрылғы 2 минут ішінде нәтиже шығарып береді. Яғни, науқастың уақытын үнемдейді. Сонымен қатар нақты нәтижені көрсететін мүмкіндікке ие болғандықтан медицина мамандарына өте қолайлы, - дейді скрининг кабинетінің медбикесі Қамар Өтегенова.
Скрининг – белгілі бір жастағы сау адамдарды алдын ала медициналық тексеруден өткізу, қауіп факторлары мен ауруларын ерте сатысында анықтау. Оны енгізу емдеудің тиімділігін жақсартады және асқынулардың дамуына жол бермейді.
Скрининг кабинетінде 30-70 жас аралығындағы адамдар тексеруден өтеді. Олардың қанындағы қант мөлшері, артериялық қан қысымы, көзінің қысымы және тік ішектегі обыр ауруын анықтау мақсатында тексеру жүргізіледі. Қандай да бір ауытқулар байқалса, одан әрі дәрігерлер бақылауына жіберіледі. Скрининг кабинеті таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.