23-26 мамыр аралығында Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласында «Huawei ICT Competition Global Final 2023–2024» атты байқауы өтті. Байқауда Yessenov University студенті Оралбай Утебай 1-орын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы Yessenov University ректоры Берік Ахметов фейсбук парақшасына жазды.
- “Computing” бағытынан 36 команда қатысқан байқауда 1-орынды Қазақстан командасы – Yessenov университетінің «Ғылым мен технология» факультетінің студенті Утебай Оралбай мен Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Жиляков Николай иеленді. Ал “Cloud” бағытынан 37 команданың арасынан 1-орынға ел атынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен SDU университеттерінің студенттері ие болды. Жоғары шеберлік танытқан дарынды студенттерімізді кезекті жеңісімен құттықтаймын және табыс тілеймін!" - деді Берік Ахметов.
Еске салайық, Оралбай Утебай былтыр желтоқсан айында Бахрейнде өткен «Huawei ICT Competition 2023-2024» халықаралық жарысында гран-при иегері атанған.
Жетінші рет өткізіліп отырған байқауға Қазақстан, Ирак, Оман, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Иордания, Ливан, БАӘ, Бахрейн, Кувейт, Катар, Малайзия, Тайланд, Кения, Мысыр, Қытай және басқа да 90-нан астам мемлекеттің 2000 жоғары оқу орнынан 170 мыңнан астам студент қатысты.