Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің базасында «Үздік жүргізуші» және «БТР үздік экипажын» анықтауға арналған конкурстық байқаудың екінші кезеңі өтті. Байқау әскери жүргізушілердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Жарысқа Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Орал гарнизондары әскери бөлімшелерінің үздік жүргізушілері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Батыс» РҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушылар әскери техникада әртүрлі кедергілерді еңсеруі керек. Жарыс үш күнге созылды. Жарыс қорытындысы бойынша жүргізушілер арасындағы жекелей біріншілікте бақ сынаған 3502 әскери бөлімінің аға маманы ефрейтор Нұрбол Еранов «Үздік жүргізуші» атанды. БТР экипаждары арасындағы командалық біріншілікте «Үздік БТР экипажы» атағын Ақтау қаласының 6656 әскери бөлімінің командасы жеңіп алды.
Енді «Үздік жүргізуші» және «Үздік БТР экипажы» қыркүйекте өтетін Ұлттық ұланның бірінші кезеңінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының атынан шығады.