Мемлекет басшысының Ақтаудағы бұрынғы резиденциясына қатысты қала әкімдігі жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазірі уақытта Президенттің резиденциясы болған нысанның орнына не салынатыны туралы әкімдік нақты шешім қабылдамағанын мәлімдеді.
Осыған дейін құны құны 1 миллиард теңге болатын жер телімі мемлекетке қайтарылған болатын. Облыстағы жер қатынастары басқармасы 2002-2004 жылдары аталған жер учаскесі "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ меншігіне берілген соң көп уақыт өтпей Oil Real Estate ЖШС-не сатылғанын айтқан еді.
Сот тергеу арқылы 20 жылдан аса уақыттан кейін жер учаскесінің заңсыз сатылғанын анықтаған. Аталған жер аумағының иесі апелляциялық шағым беру арқылы бірінші сатыдағы соттың шешімін жоюға тырысты.
Жер учаскесін беру кезінде Ақтау қаласының әкімдігі жалпы тәртіпті сақтамаған, яғни жер учаскесі жер комиссиясының және жерге орналастыру жобасының қорытындысынсыз берілген.
Департаменттің жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы талабын бірінші сатыдағы сот қанағаттандырды. Жауапкер берген апелляциялық шағым Маңғыстау облыстық сотының шешімі бойынша, қанағаттандырылмады. Сот шешімі заңды күшіне енді, - деді облыстық жер қатынастары басқармасының мамандары.
Ақтау қалалық әкімдігі бұл аумақта алда қандай нысан бой көтеретіні туралы мәселе әлі шешімін таппағанын атады.
Бұл учаске бас жоспарға енгізіліп, егжей-тегжейлі жоспарлау әзірленеді. Осыдан кейін ғана учаскеде не салынатынын айтуға болады, - деді әкімдік мамандары.