Алдағы жылу беру масымына білім беру нысандарының 88 пайызы дайын. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Қазір әлеуметтік объектер мен тұрғын үйлерді жылу беру кезеңіне дайындау жұмыстары атқарылып жатыр. Білім беру нысандарының дайындығы 88 пайыз (жоспар – 10 677, нақты – 9 399). Дайындықтың төмен қарқыны Маңғыстау (52,1%), Алматы (64,4%) және Жамбыл (77,8%) облыстарында байқалды.
Оқу жылының басталуына бір аптадан аз уақыт қалғанын ескерсек, осы өңірлерде жедел іс-шаралар қабылдау қажет», - деді І. Оспанов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау нысандары бойынша дайындық 88,6 пайыз, яғни 5 661 нысанның 5 015-і дайын. Алматы (58,1%), Маңғыстау (68,6%) облыстарында және Алматы қаласында (74,2%) төмен көрсеткіштер байқалды.
«Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 37 555 үйде аяқталды, бұл жоспардың 75,1%-ы (барлығы 50 021 үй). Маңғыстау (26,1%), Алматы (61,4%) облыстарында және Шымкент қаласында (68,5%) тұрғын үй дайындығының төмен қарқыны анықталды», - деді вице-министр.