Ақтауда алғаш рет «Отбасы денсаулығы-Қазақстанның болашағы» атты халықаралық және республикалық деңгейдегі акушер-гинекологтардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
- Ғылыми - тәжірибелік конференцияның ұйымдастырылуы, өңіріміздегі ана мен бала ахуалының жақсаруына, әр шаңырақтың бала күлкісінің сыңғырына бөленуіне, еліміздің демографиялық көрсеткішінің өсуіне, ана және бала өлім көрсеткіштерін төмендету мақсатында жасалып жатқан үлкен қадам. Пациенттерге сапалы көмек көрсету, ана мен бала денсаулығын сақтау, жүкті әйелдердің жағдайын жіті бақылауда ұстау ақ халаттылардың маңызды міндеті саналады. Ал, бүгінгі конференция акушер-гинекологтардың, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің, медбикелер мен жалпы медицина саласы қызметкерлерінің біліктіліктері мен білім тәжірибелерін шыңдауға үлкен мүмкіндік болары сөзсіз, - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Ана мен бала денсаулығын сақтау, туу көрсеткішін арттыру және мерзімінен бұрын босану санын азайту - мемлекеттік саясатының басым бағыты саналады. Конференция жұмысында шетелден және еліміздің әр облысынан келген ғылым докторлары, профессорлар, медицина саласының мамандары дәріс оқып, тәжірибе алмасты.
- Басты бағыт - ана мен бала денсаулығы. Облыстағы демографиялық көрсеткішке тоқталсақ. Облыстағы туу көрстекіші 25,97 республикада жоғары көрсеткіштердің бірі. Ана мен нәресте өлімі көрсеткіштерінде соңғы жылдарда төмендеу бар. Ана өлімі 6 айда болған жоқ, шілде айында 1 - өлім тіркелді. Медико-генетикалық тексерулер нәтижесіне тоқталсақ 2022 жылы жүктілікпен тіркелген 3781 әйел генетикпен қаралған, инвазивтік пренатальдық диагностикадан 299 тексеріске жіберіліп, 167-і өткен. Барлығы- 175 консилиум жасалып, 95 жүктілік тоқтатылған. Цитогенетикалық 478 кариотиптеу жүргізіліп, туа біткен хромосомдық ауытқулар саны – 234-48,9%-да анықталды,-деді Аманбек Жұмыров.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ана мен бала денсаулығын жақсартуға жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.
- Облыс әкімінің қаулысымен Ақтау қалалық перзентхананы облыстық ауруханаға қостық. Бұл перинатальдық көмек көрсетуді өңірлендірудің 2-деңгейінен 3-деңгейге көтеруге, облыстық перинатальдық орталыққа түскен жүктемені азайтуға мүмкіндік берді,-деді Аманбек Жұмыров.
Конференция барысында қатысушылар жүкті әйелдерді басқарудың заманауи ұсыныстары мен жаңа стратегиялары, ана мен бала өлімін азайту, ұрпақты болу әлеуеті, жүктілік кезіндегі гипертензиялық аурулар, акушерия және гинекологияның өзекті мәселелерін атап өтті. Жиын соңында конференцияға қатысушылар нәтижелі талқылаулар мен алмасқан тәжірибе үшін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.