© Архив
Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тнәлиевтің төрағалығымен коммерциялық нысаны бар қоғамдық көлік аялдамасының жай-күйі бойынша жиын өтті. Отырыста аялдамалардың ашық тұруы мен тазалығы талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Ақтау қаласының аумағында жалпы 258 аялдама бар. Олардың 82 данасында коммерциялық нысан болса, ал 63 данасы лайтбокс (жарнама тақтайшасы) орнатылған әлеуметтік аялдама. Ал қалған 113-і жабдықталмаған. Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұханның айтуынша, қаладағы кейбір коммерциялық нысаны бар аялдамалар арақашықтық мәселесін сақтамайды екен.
- Әлеуметтік 63 аялдаманы күтіп-ұстау жұмыстарын мердігер мекеме жүзеге асырады. Былтыр бюджет қаражаты есебінен 9 аялдама және жеке кәсіпкер есебінен 8 әлеуметтік аялдама орнатылды. Қаладағы кейбір коммерциялық нысаны бар аялдаманың алды мен автобус тоқтайтын жердің арасында арақашықтық сақталмаған. Негізі аялдаманың алды мен автобус тоқтайтын жердің арасында кемінде 1,5 метр арақашықтық болу керек. Осы мәселені коммерциялық нысаны бар аялдама иелері ескеруін сұраймын, - деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.
2021 жылы Ақтау қаласын дамыту бағдарламасына сәйкес қала бойынша 43 жер учаскесі кәсіпкерлерге сауда павильоны бар автобус аялдамаларын орнату мақсатында берілген. Алайда олардың басым көпшілігі сәулет-жоспарлау тапсырмасын және эскизін жасақтамаған. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев жауаптыларға коммерциялық нысан иелеріне барлық құжаттарын реттеу үшін нұсқама беруді тапсырды.
- Кәсіпкерлерге аялдамаларда павильондар салуға мүмкіндік берілді. Бірақ біз көріп отырғанымыздай кейбір коммерциялық нысан иелері оны дұрыс қолданбай, бос жерін сатуды көздейді. Ал құрылыс жүргізгендері аялдаманың 75%-ын сауда алаңы қылған. Кәсіпкерлер аялдамалардың тұрғындарға қолайлы болуын ойлап отырған жоқ. Сондықтан біз бюджет есебінен кезең-кезеңімен әлеуметтік аялдамалар салатын боламыз.
Коммерциялық нысаны бар аялдама болсын немесе әлеуметтік аялдама болсын қала тұрғындарына ешқандай қолайсыздық тудырмауы керек. Кейбір кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындамайды. Күнделікті автобус жүрген уақыттан бастап жылы аялдамалар ашық тұруы керек. Оның тазалығына да коммерциялық нысан иесі жауапты. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскизі жасақталмаған коммерциялық нысан иелеріне құжаттарын түзетуге нұсқама беріңіздер. Бір айдың ішінде барлық олқылықтардың орнын толтырсын, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев.