ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Каспий» су тұшыту зауытын жаңғырту жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Каспий» су тұшыту зауыты» ЖШС директоры Нұрлыбай Аққұлов зауыт өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу жұмыстары туралы айтты.
Оның айтуынша, нысанды жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 12 млрд теңгеден астам, ал Үкімет резервінен – қосымша 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды.
Әлихан Смайылов Мұнайлы және Қарақия аудандарының елді мекендері үшін ауызсудың негізгі көзі дәл осы зауыт болып отырғанын атап өтті.
Қазір оның қуаты тәулігіне - 20 мың текше метр. Ол 180 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етеді.
«Халықтың жыл сайынғы өсімін, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында туристік кластердің дамуын ескере отырып, ауызсу өндірісін ұлғайту мәселесі аса өзекті. Осыған байланысты Президент «Каспий» тұшыландыру зауытын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасын іске асыруды тапсырды. Үкімет тарапынан қажетті қаржылық қолдау көрсетілді. Облыс әкімдігіне осы жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажеттігін тағы да еске саламын, жаңа жылдан бастап халық сумен қажетті көлемде қамтамасыз етілуі тиіс», — деді Премьер-Министр.