Маңғыстау ауданының 95 жылдық мерекесі қарсаңында Шетпе ауылының №7 мектеп лицейінде Тұрұлы Ермембет би атына арналған оқу кабинеттің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Есен Ермембет Тұрұлы (1818 – 1908) – Адай елі мен Хорезм (Хиуа) хандығы арасында елшілікте жүрген, руаралық дау-жанжалды әділ шешкен мәмілегер би. Ол 1870-1873 жылдары Иса, Досан басқарған көтерілісте жасақ басшыларының бірі болған. 1873 жылдың көктемінде патшаның жазалаушы әскерін Ауызорпа, Мәстек жерлерінде жасағымен тосып алып, ары қарай өткізбеген. Ломакин бастаған басқыншы қолмен Хиуа шекарасында бірнеше партизандық ұрыс жүргізген. Патшаның көтерілісшілерге берген кешіріміне байланысты туған жерге оралып, шаруашылықпен айналысты. 1890 жылы іссапармен келген неміс этнографы Р.Карутцке жолбасшы болып көмектескен. Р. Карутц Есен Ермембеттің фотосуретін түсіріп, «Маңғыстау түрікмендері мен қазақтары» атты еңбегінің немісше басылымында жариялаған.
Бүгінде бидіі ұрпақтары ол туралы табылған тың деректерді одан әрі зерттеп, ата рухын насихаттау барысында осы кабинеттің ашылуына үлес қосты.
Іс-шараға мектеп оқушылары, өңірімізге танымал тұлғалар мен ұрпақтары қатысып, Ермембет би туралы естелік әңгімелерді айтты.