Бүгін Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығында Чанаккале шейіттерін және әнұран авторы, ақын Мехмет Акиф Эрсойды еске алуға арналған шара өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Амангүл Жайылханова, “Бекет ата” облыстық мешітінің имамы және облыстағы Әзербайжан, Иран республикаларының бас консулы қатысты.
Алдымен Чанаккеле жеңісінде жанын құрбан еткен шейіттерді 1 минут үнсіздікпен еске алды. Содан соң Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Сабри Альптекин Чанаккале жеңісі тек әскери жеңіс емес, сонымен қатар ұлттың оянуы мен бірлік рухының белгісі екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ Түркия мемлекетінің ұлттық әнұраны қабылданғанына биыл 103 жыл толып отыр. Осы орайда түрік ақыны Мехмет Акиф Эрсойдың жазған өлеңі тәуелсіздік үшін күрескен түріктерге рух пен жігер беріп, елдің әнұранына айналғаны айтылды.
Түрік халқы үшін маңызды шарада сөз алған ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас арта түсуіне тілек білдірді.
Шара соңында "Бекет ата" облыстық мешітінің имамы Ғабит мырза шейіттердің рухына құран бағыштады.