Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Сабри Альптекин аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбаймен кездесуде жаңа жоба туралы мәлімдеді. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-әлеуметтік байланыстарды нығайту және кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында Маңғыстау облысы мен Түркия арасындағы сыртқы сауда айналымы 4,9 млн АҚШ долларын құраған. Облыста түрік капиталының қатысуымен бүгінде 103 кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Бас консулдың айтуынша, Маңғыстау облысында 1100 түрік азаматы тіркелген, оның 550-і Ақтауда тұрақты тұрып, жұмыс істейді.
«Түрік кәсіпкерлері аймақ экономикасына инвестиция құюға және достық әлеуметтік және мәдени қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі. Мысалы, YDA компаниясы Ақтау теңіз порты маңында кеме жөндеу зауытын салуды жоспарлап отыр, қазір келіссөз жүріп жатыр», - деді Сабри Альптекин.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түркияның Бас консулына екіжақты әріптестікті дамытуға белсенді атсалысқаны үшін алғыс айтып, жергілікті атқарушы орган да өз тарапынан сауда-экономикалық, энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ мәдени, білім беру және әлеуметтік салалардағы байланыстарды кеңейтуге бар күш-жігерін салатынын атап өтті.