Ақтау теңіз сауда порты аумағында танкерге мұнай тиейтін, 1966 жылдан бері мұнай құбырлары арқылы мұнайды қабылдауды және айдауды жүзеге асырып отырған көпфункционалды станция бар. Ол - «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы құрылымдық бөлімшесінің «Ақтау» бас мұнай айдау станциясы деп аталады. Ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да тасымалдауды үздіксіз қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отырған, тасымалдың барлық түрін ұсына алатын бірегей станция.
«ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының бастығы Асқар Жолдасовтың айтуынша , станция – «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбыры арқылы Бозашы түбегіндегі кен орындарының мұнайын қабылдайды. Оның бір бөлігі Ақтау порты арқылы теңіз жолымен жөнелтіліп, танкерлермен Баку және Махачкала теңіз порттарына жеткізіледі, екінші бөлігі «Жетібай» мұнай айдау станциясы арқылы "Өзен – Жетібай - Ақтау" мұнай құбырымен "Өзен" бас мұнай айдау станциясы бағытына қарай жөнелтіледі. Әрі қарай мұнай «Өзен-Атырау-Самара» ыстық магистральдық мұнай құбыры арқылы тасымалданады. Сондай-ақ мұнай Битум зауытына жеткізіледі және сол Битум зауытынан тазартылған мұнай қабылданады.
«2023 жылы темір жол эстакадасы арқылы "Теңіз Шевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнайын қабылдауды қайта бастадық. Бұл – «Ақтау-Баку» бағыты бойынша мұнайды тасымалдауға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Жалпы жылына 1,5 млн тонна Теңіз кен орнының мұнайын қабылдау және танкерлерге құю жоспарлануда. 2023 жылы теңіз арқылы жөнелту үшін 1,057 млн. тонна Теңіз кен орнының мұнайын («Теңіз Шевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнайы), 2024 жылдың 4 айында - 490 мың тоннаға жуық мұнайды танкерлерге құйдық. Жалпы 2023 жылы теңіз арқылы – 3 млн 376 мың тонна мұнай, 2024 жылдың 4 айында – 1 млн 057 мың тонна мұнай жөнелтілді», - деді «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының бастығы Асқар Жолдасов.
Айта кетсек, 2022 жылы қараша айында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжан Республикасының «SOCAR» мемлекеттік мұнай компаниясы арасында «Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан» бағытында мұнай транзиті туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыру тапсырмасы бойынша жасалған маңызды қадамдардың бірі болатын.
Осыған сәйкес, Қазтрансойл АҚ қаңтар – сәуір аралығында Теңіз кен орнынан Ақтау порты арқылы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында 490 мың тонна қазақстан мұнайын жөнелткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 356 мың тоннаға артық. Былтыр Ақтау портындағы танкерлерге 3 млн 376 мң тонна мұнай тиелген. Оның ішінде «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағыты бойынша 1 млн 057 мың тонна мұнай жөнелтілген.
Биылғы жылдың соңына дейін «Қазтрансойл» АҚ Теңіз кенішінен «Баку- Тбилиси-Джейхан» мқнай құбыры бойынша жалпы көлемі 1,5 млн тоннаға дейін қазақстандық мұнайды жөнелтуді жоспарлап отыр.
Асқар Жолдасовтың мәлімдеуінше 2023 жылы "Өзен-Жетібай-Ақтау" магистральдық мұнай құбыры арқылы айдалған мұнай көлемі - 5 099 мың тоннаны құраса, 2024 жылдың 4 айында 1 877,2 мың тоннаны құраған. Жалпы алғанда 2023 жылы Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының магистральдық мұнай құбырлары арқылы 16 млн. тоннадан астам мұнай тасымалданған екен.
Өткен жылы Қашаған кен орнынан шыққан 6 900 тонна мұнайды Ақтау портынан Баку порты бағытына қарай экспортқа бірінші сынақ ретінде жөнелту жұмысы сәтті аяқталған. Мұнай жөнелтуші – «INPEX North Caspian Sea, Ltd» компаниясы. Мұның өзі Транскаспий бағытына қарай теміржол тасымалы арқылы Қашаған мұнайына арналған экспорттық маршруттарды әртараптандыру мүмкіндігін көрсетті.
Анаргүл Жексембай