Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Albayrak Holding түрік компаниясының басқарушы кеңесінің мүшесі И.Караджа, сондай-ақ Ақтау қаласындағы Түрік Республикасының Бас консулы С.Әлптекинмен кездесті. Жүздесуде түрік тарапы теңіз қызметтері, Маңғыстау облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге арналған бірнеше жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Albayrak Holding-80-ге жуық компаниялар мен брендтерден тұратын Түркияның ірі холдингі және жылжымайтын мүлік, өнеркәсіп, логистика, БАҚ және туризм сияқты 20-дан астам секторда қызмет көрсетеді.
Компания осы уақытқа дейін теміржол вокзалдары, метро, ауруханалар, фабрикалар, сауда орталықтары және тұрғын үйлер салу сияқты көптеген маңызды жобаларды сәтті жүзеге асырған.
Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 86 түрік кәсіпорыны тіркелген, соның ішінде тұрғын үй құрылысы, мейрамханалар және азық-түлік жеткізу қызметтері бар.
Сондай-ақ, туризм саласында түрік инвесторларының қатысуымен 2020-2023 жылдар аралығында жалпы сомасы 200 млрд.теңгеден астам инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.
Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы өңірге инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға және жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсуіне ықпал ететін барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.