Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Құтқарушылар күні және азаматтық қорғау органдарының 28 жылдығын тойлау іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Іс-шара Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, азаматтық қорғау органының ардагерлері, мемлекеттік органдар басшылары, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің және Апат медицина орталығы қызметкерлері, сонымен қатар Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департамент қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың бұйрығына сәйкес, азаматтық қорғау жүйесінде және азаматтық қорғау органдарының 28 жылдығына арналған медалдар мен төс белгілер 7 қызметкерге, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің грамоталары мен алғыс хаттары 6 қызметкерге, сондай-ақ, Департамент бастығы Мұрат Мұхановтың бұйрығымен 33 қызметкер алғыс хаттармен марапатталды.
Биыл ТЖД автопаркі 18 негізгі бірлікпен, 7 арнайы бірлікпен және 8 қосалқы машинамен толықтырылған еді. Сонымен қатар, бүгін мереке қарсаңында жаңа автомобильдер мен қайықтардың кілттері де қосымша табысталды.